Қазақстандық блогерлерге қатысты неліктен салық тексерістері басталғанын Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) түсіндірді, – деп хабарлайды ErtenMedia.
Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова TengriTV YouTube арнасына берген сұхбатында салық органдарына қазақстандықтардан шағымдар түскенін мәлімдеді.
«Бұл тексерулер азаматтардан көп шағым түскеннен кейін басталды. Халық блогерлер сән-салтанатпен өмір сүретініне қарамастан, салық төлемейтініне арызданды. «Оларды тексеріңіздер, олар қымбат көліктер мініп, элиталы пәтерлерде тұрады, зәулім үйлер сатып алады» деген өтініштер көп түсті. Әрине, осындай жағдайда қоғамда олар қанша салық төлейді деген сұрақ туындайды», – деді Құсайынова.
Оның айтуынша, блогерлерге салықтық хабарламалар 2025 жылдың ақпан айында жіберілген. Бұл шешім 2022-2023 жылдарға жүргізілген талдау нәтижесінде қабылданған.
«Ол кезде кейбір блогерлер салық декларациясын тапсырды, кейбіреулері мүлде ұсынбады, ал кейбіреулері нөлдік көрсеткіштермен өткізді. Сондықтан біз талдау жүргізіп, сәйкессіздіктерді анықтадық», – деп түсіндірді МКК өкілі.
Кейбір блогерлер жиналған қаражат қайырымдылыққа, туған күндерге немесе жақындарына жіберілгенін мәлімдеген. Осыған байланысты Құсайынова қайырымдылықтың заңнамадағы орны туралы түсініктеме берді.
«Қайырымдылық туралы заңға сәйкес, қайырымдылық мақсатында жиналған қаражат бойынша уәкілетті органдарға есеп берілуі керек. Яғни қаржы сомасы, кімнен түскені туралы нақты ақпарат ұсынылуы қажет. Егер бізге осындай есептер ұсынылса, олар міндетті түрде қарастырылады.
Сонымен қатар, «қайырымдылық көмек», «демеушілік көмек» деген түсініктер де табыс ретінде қарастырылады және олар Салық кодексіне сәйкес реттелуі керек. Егер бұл деректер салық есебінде көрсетілмесе, блогерлер қосымша декларация тапсырып, кірістерін көрсете алады. Бұл мәселелерді ескере отырып, олар хабарламаларға 30 жұмыс күні ішінде жауап беруге тиіс. Яғни салық есебін нақтылауға шамамен 1,5 ай уақыт беріледі», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.
«Біз жазалау үшін емес, бюджетті толықтыру үшін жұмыс істейміз»
Қазақстандық блогерлердің кейбірі мұны «көрсетілген қысым» деп санайды. Бұл пікірге жауап ретінде Дина Құсайынова тексерістің мақсаты жазалау емес, мемлекеттік бюджетті толықтыру екенін айтты.
«Біздің негізгі міндетіміз – мемлекеттік бюджетке түсетін кірісті қамтамасыз ету. Біз үшін ол адам блогер ме, журналист пе, кәсіпкер ме – маңызды емес. Барлығы заңға сәйкес салық төлеуі керек», – деді ол.
Сонымен қатар, ол бұл тексерістер «жоғарыдан берілген тапсырма» деген пікірлерге де жауап берді.
«Салықтық хабарламалар тек ақпанда жіберілген жоқ. Бұған дейін де осындай ескертулер болды. Кейбір блогерлер үнсіз салық декларациясын түзетіп, төлемдерін жасады. Ал кейбіреулері бұл процесті әлеуметтік желіде сынға алып жатыр. Егер келіспесе, бізге дәлелдерімен бірге түсініктеме ұсынсын. Барлық кірісін нақтылап, салық органына қажет ақпарат берсін», – деп түйіндеді Құсайынова.
Бұған дейін қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге бір ай уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен.
Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.