Дәрігер Жасұлан Темірбайдың «Болашақ» бағдарламасына қатысты жазған жазбасы шу шығарып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, іріктеу кезінде комиссия мүшесі «орысша акцентің бар, Қазақстанды ұятқа қалдырасың» деп ескерту жасаған.
Бұған пікір білдірген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек дәрігердің мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Министрдің сөзіне қарағанда, «Болашақ» бағдарламасының сұхбаттасу кезеңі толығымен видеотіркеуден өтеді.
«Бағдарламаның іріктеу процесі екі кезеңнен тұрады. Алдымен тестілеу өтеді, содан кейін тәуелсіз сарапшылармен сұхбаттасады. Бұл кезең бірнеше жылдан бері міндетті түрде бейнежазбаға түсіріледі.
Біз мән-жайды тексеріп, видеожазбаны қарап шықтық. Онда комиссия мүшелерінің мұндай сұрақ қойғаны анықталмады. Жазбаны бірден жариялау мүмкін болмады.
Себебі комиссия мүшелерінің рұқсатын алуымыз қажет еді. Жаңа жыл мерекесіне байланысты олар енді ғана жұмысқа шықты. Жақын арада видеожазбаны көпшілікке ұсынамыз», – деді министр үкімет отырысында.
Қазақ тілі хайп құралы ма?
Сонымен қатар министр қоғамда бұл мәселе негізсіз дауға ұласқанын атап өтті.
«Өкінішке қарай, қазір хайп қуу әдетке айналып барады. Біз мұндай жағдайларды болдырмас үшін барлық конкурстық шараларды толықтай цифрландырып, бейнежазба арқылы жүргізіп келеміз. Ғылым саласындағы іріктеу процестері де видеоға жазылады. Кез келген күмәнді жағдайды осы жазбалармен анықтауға болады», – деді Саясат Нұрбек.
Жасұлан Темірбай спорт медицинасымен айналысады. Биыл ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білімін шыңдауды мақсат еткен. Алайда сұхбат кезеңінен өте алмады. Оның ойынша, бұл жерде басты кедергі орыс тілін жетік білмеуі.
«Бағдарламаның ережесі бойынша сұрақ қай тілде қойылса, сол тілде жауап беру керек. Сұхбаттың басым бөлігі орыс тілінде өтті. Әрине, аздаған кемшіліктер болуы мүмкін, бұл заңдылық қой. Бірақ орыс тілін өз деңгейімде жақсы меңгергенмін деп санаймын. Әсіресе, ғылыми материалдарды оқып, түсініп, аударып бере аламын. Соған қарамастан комиссия мүшесі маған: «Вы разговариваете на русском с акцентом. Вы будете позорить Казахстан» деп тіке айтты», – деп жазған еді Жасұлан Темірбай.
Жазба әлеуметтік желіде тарағаннан кейін бағдарламаға қатысты сын көбейді.
«Болашақ» туралы не белгілі?
Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасы 1993 жылы құрылып, талантты жастарға шетелде білім алуға мүмкіндік жасап келеді. Бірақ соңғы кезде бұл бағдарлама арқылы шетелде қалуға ұмтылатындар саны артты деген сын айтылуда.
2024 жылы Саясат Нұрбек «Болашақпен» оқып, шетелде қалып қойған түлектер саны 200-ден асқанын, олардың мемлекетке қайтарған қаржысы 1,9 млрд теңгеге жеткенін хабарлаған еді. Ал бағдарламаның 30 жылдық тарихында 270 түлек Қазақстанға қайта оралмаған.

