Болат Назарбаевтың үлкен ұлы Нұрбол Назарбаев банкротқа ұшырап, оған тиесілі компаниялар мен мүліктер бұғатталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қазір экс-президенттің немере інісі 58 млрд теңге қарызы үшін істі болып жатыр. Оның банктегі есеп-шоты мен дүние-мүлкі бұғатталып, компаниялардағы үлесіне шектеу қойылған. Бұған қоса Нұрбол Назарбаев елден шығу құқығынан айырылды.
«Shishkin Like» арнасының мәліметінше, Назарбаевтар әулетінің ірі активтерін басқарған Prime cap бас компаниясы бүгінде жабылу алдында тұр.
Оған қарасты Prime Capital Real, Prime Capital Re Plaza, Prime Capital Invest сынды бірнеше кәсіпорынның Алматы мен Алматы облысында жылжымайтын мүлкі бар.
Сондай-ақ Prime Capital Re Talgar компаниясының атына тіркелген шарап зауыты мен жер телімдері, Prime Capital Re Ushkonyr иелігіндегі Шамалғандағы ауқымды аумақ, Іле ауданындағы «Qaz-Aq-Kus» құс фабрикасы, Карасайдағы «Бахар-А» тойханасы және басқа да жер телімдері бүгінде бұғаттаулы тұр.
Нұрболға тиесілі активтердің ішінде Алматы ауыр машина жасау зауытындағы (АЗТМ) үлестері де бар.
Бұған дейін Ertenmedia Нұрболдың есімі Активтерді қайтару комитетінің жабық тізімінде тұрғанын хабарлаған еді. Бізге жеткен инсайд бойынша оған қарсы кампания әулеттің капиталын қайтарудағы ірі науқанның ақтық әрі маңызды кезеңі.
Болат Назарбаев өзінің өсиетхатын алғаш рет 2014 жылы жазып, онда барлық мүлкін үлкен ұлы Нұрболдың атына табыстаған. Болаттың өзі өмірден өткенмен, отбасының активтері ыдырай қоймаған еді.
Нұрбол мен оның інісі Ербол Назарбаевтар қолда бар мүлікті ұстап қалу үшін соңына дейін күресуге дайын деген ақпарат та тараған болатын.
Соңғы кезде ағайындыларға қарсы ақпараттық науқанның күрт күшейгенін байқауға болады. Мәжілістегі Ермұрат Бапи бастаған белді депутаттар Болаттың ұлдарына күн бермейін деп тұр. Бөкең қайтыс болса да, ол үшін «Жаңа Қазақстан» алдында жауап беретін адам бар. Ол Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаев.
Бөкеңнің артында 9 заңды баласы, одан бөлек онға жуық заңсыз бала қалды. Оның ішінде бәйбішенің ұлдары Нұрбол мен Ербол Назарбаевтардың қолдары ұзын.
Ertenmedia Болат Назарбаевтың бақытты өмірін де, бақытсыз өмірін де жазған болатын. Әлі де көз қырын салып отырады. Біздің телеграмға жазылып алыңыздар.