Әлемге танымал Booking.com сервисіне хакерлік шабуыл жасалып, қолданушылардың жеке мәліметтері ұрлануы ықтимал. Компания саяхатшыларға олардың деректері бөтен адамдардың қолына түсуі мүмкін екендігін ескертті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Онлайн брондау платформасы 2010 жылдан бері 1,8 миллиардтан астам қонаққа қызмет көрсеткен. Сервис қолданушыларға жіберген ескертуінде «үшінші тараптың рұқсатсыз кіруі салдарынан брондау ақпараты мен клиенттердің жеке деректері, соның ішінде аты-жөні, электрондық поштасы, мекенжайы, телефон нөмірлері және қонақүймен бөліскен басқа да ақпараттар қолды болуы мүмкін» екенін айтты.
Booking.com өкілдері қаржылық мәліметтер хакерлердің қолына түспегенін атап өтті. Дегенмен, ұрланған ақпарат алаяқтық үшін пайдаланылуы мүмкін деген қауіп бар.
Компания шабуылдың нақты қанша қолданушыны қамтығаны туралы ақпарат бермеді.
Бұл туристік онлайн-сервистерге қарсы жасалған алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін де Booking.com-ға бірнеше мәрте кибершабуылдар жасалған. Мұндай платформаларда сақталатын жеке әрі құнды ақпарат хакерлер үшін тартымды мақсат саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







