Дархан Сатыбалды қаладағы жөндеу жұмыстарын сынап, бордюр мен асфальтты себепсіз ауыстыра беруді тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қала басшысы Бостандық ауданындағы бірқатар жобаларды тексеру барысында жөндеу жұмыстарының барысына сын айтты.
Әкім, әсіресе, жарамды жол жиектері мен бүлінбеген асфальт жабындарын орынсыз ауыстыруға наразы болды. Ол мұндай жұмыстарға қыруар қаржының жұмсалуы орынсыз екенін атап, жауапты мамандарға нақты тапсырма берді:
«Бордюрді немесе тас жолды тек ауыр зақымданған, көрініп тұрған ақауы бар жағдайда ғана ауыстыру керек. Бекерге қаржы шашпай, бюджетті тиімді пайдалануға назар аударыңыздар», – деді Дархан Сатыбалды.
Әкім Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысындағы сквердегі жағдаймен де танысты. Қазіргі уақытта мұнда жасанды су қоймасы салынып, инженерлік желілер тартылуда. Сатыбалды осы аумақты көгалдандыру мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Әкім сондай-ақ Әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзенінен өтетін көпір құрылысына тоқталды. Қазір көпірді жаңарту жұмыстарының 60%-ы аяқталған. Бұған дейін жұмыс жасыл желекті сақтап қалу мақсатында уақытша тоқтатылған болатын. Әкім көпірдің эстетикалық көрінісі мен экологиялық жағдайын сақтау маңызды екенін айтып, жобаны мерзімінде аяқтауды жүктеді.
Сонымен қатар әкім аудандағы 1500 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Ғимараттың ішкі әрлеуі мен аула аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Білім мекемесі жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі.
Әкім Торайғыров көшесінде де болды. Қазан айында аяқталуы тиіс аймақты абаттандыру жобасына сай, көгалдандыру, тротуар мен веложолдарды жаңарту, жаңа спорттық және балалар ойын алаңдарын салу жоспарланған.
Гагарин даңғылындағы (Жандосов – Абай аралығы) жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа орындықтар, жарықтандыру бағаналары орнатылып, спорт алаңдары жөнделіп, суару жүйесі іске қосылған.
Қала басшысының тексеруінен кейін жөндеу жұмысының сапасына, шығынына, қажеттілігіне деген талап күшейеді деп күтеміз.