Қызылорда облысында су тапшылығына байланысты күріш алқаптары қысқартылады, су үнемдеу технологиялары жаппай енгізіледі. Бұл туралы өңірге арнайы сапармен барған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жұмыс сапары аясында вице-премьермен бірге су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңір фермерлерімен кездесіп, су тапшылығының алдын алу, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және суды үнемдеу мәселелерін талқылады.
Қазір Сырдария өзенінің бассейнінде су көлемі азайып барады. Әсіресе Нарын–Сырдария каскадына келетін судың көлемі күрт төмендеген. Бұл жағдай келесі жылғы вегетация маусымында су тапшылығын күшейтуі мүмкін.
«Су аз келген жағдайда ресурстарды қайта бөліп, лимиттерді өзгертуіміз керек болады. Сондықтан облыста келесі жылы күріш алқаптарының көлемі 70 мың гектардан аспауы тиіс. Біз судың тапшылығын ескере отырып, егін алқаптарын оңтайландыруды жалғастырамыз. Ылғалды аз қажет ететін, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбірек енгізуіміз керек», – деді Қанат Бозымбаев.
Дегенмен егіс алқаптарының көлемі қысқарғанымен, облыстағы өнімділік деңгейі жоғарылап келеді. Мысалы, 2024 жылы орташа өнімділік гектарынан 58 центнер болса (85 мың га), 2025 жылы гектарынан 58,1 центнерге жеткен (80 мың га). Бұл нәтижеге жаңа сұрыптарды енгізу және заманауи ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану арқылы қол жеткізілді.
Су тапшылығына төтеп берудің тағы бір тиімді жолы – су үнемдеу технологиялары. Биылдың өзінде Қызылорда облысында 60 мың гектар күріш алқабында лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бұл әдіс суды 20 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
«Суды үнемдеу технологиялары тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдары секілді өсімдік шаруашылығының ажырамас бөлігі болуы тиіс. Облыс әкімдігі мен тиісті министрліктер бірлесіп, заманауи инновациялық технологияларды енгізуге жергілікті бюджет есебінен кемінде 100 гектар жер телімін бөліп, қаржылық қолдау көрсетуі керек», – деді Бозымбаев.
Сонымен қатар өңір фермерлері сумен қамтамасыз етудің ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа цифрлық биллинг жүйесімен танысты. Бұл жүйе өтінім беру мен келісімшарт жасаудан бастап, нақты су тұтыну мен төлем жасауға дейінгі процесті толық қамтиды.
Контекст
«Қазсушар» кәсіпорнына суды тек бекітілген лимит бойынша беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, суға қатысты заңсыздықтар мен «қара су нарығына» қарсы күресті күшейту керектігі айтылды.
Өзгерген жағдайды ескере отырып, Су ресурстары министрлігі өңірлер бойынша нақты су тұтыну лимиттерін 2026 жылдың 1 ақпанына дейін бекітуі тиіс. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылдың 1 наурызына дейін нақты су мөлшеріне сай келетін дақылдар құрылымын анықтауы керек.
Жалпы, республика бойынша су үнемдеу технологияларын қолдану алқаптарын 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа алдағы үш жыл ішінде республикалық бюджеттен 215 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Бұл – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мүмкіндік беретін кешенді шаралардың бірі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







