Вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынынан кейін салынып жатқан баспаналарға «ең арзан, сапасыз жиһаздар алынып жатыр» деген қауесетті жоққа шығарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Журналистер өңірлердегі халықтың жаңа үйлердегі жиһаз бен тұрмыстық техниканың сапасыз әрі арзан екеніне шағымданғанын айтып, вице-премьерден түсініктеме сұраған болатын.
Бозымбаев мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, әкімдіктердің бұл іске қатысы жоқ екенін жеткізді.
«Әкімдіктердің міндетіне жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алу кірмейді. Егер тұрғын үйлерге жиһаз немесе техника қойылып жатса, бұған демеушілер есебінен алынған заттар пайдаланылуда. Сондықтан әкімдіктер ешқандай жиһаз да, техника да сатып алып жатқан жоқ», – деп нақтылады ол.
Сондай-ақ журналистер Бозымбаевтан келер жылғы су тасқынының болжамы туралы да сұраған еді. Вице-премьер бұған қатысты «оны Алладан сұраңыздар, оны Құдай біледі» деп қысқа қайырды.
Бұдан бөлек, Үкімет су тасқынынан зардап шеккендерге қандай кәсіпкерлердің көмек көрсеткені туралы ақпарат жариялады. Бозымбаевтың айтуынша, кәсіпкерлер өңірлерде тұрғын үй сатып алуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ «Демеу» және «Қазақстан халқына» қорларына қаржы аударған.
«Қазір бөлінген қаражаттың шамамен 40 пайызы игерілді. Бұл жұмыстар нақты кесте бойынша жүріп жатыр, алда әлі біраз уақыт бар», – деп түйіндеді вице-премьер.
Бұған дейін біз Қазақстанда құрғақшылық болуы мүмкін аймақтардың саны өсуі мүмкін екенін жазған едік.

