«Қазгидромет» РМК филиалының мәліметіне сәйкес, 14 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы аумағында қолайсыз ауа райы жағдайлары орын алуда. Өңірде көктайғақ, бұрқасын, қатты қар, тұман байқалады, сондай-ақ облыстың батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсуде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін жетуде. Осыған байланысты автожолдарда көктайғақ пайда болып, көріну нашарлауда, бұрқасын салдарынан жолдардың жекелеген учаскелері жабылуда.
Қолайсыз ауа райына байланысты 14 желтоқсанда келесі автожол учаскелері жабық:
– «Орал – Атырау» тас жолы;
– «Үлкен Шаған – Переметный» тас жолы.
Жабылу себебі – күшті бұрқасын.
Сағат 11:30-дағы жағдай бойынша қолайсыз ауа райына байланысты облыста бірқатар республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.
Қозғалыс шектелген учаскелер:
– KZ07-03, км 0–158 (Қазталовка – Жәнібек);
– KZ07-05, км 1–103 (Өнеге – Сайқын);
– KZ07-06, км 4–104 (Орал – РФ шекарасы);
– KAZ12, км 189–375 (БҚО – Атырау облысы шекарасы);
– KZ07-03, км 0–201 (Чапай – Қазталовка).
Сонымен қатар, ауа райының күрт нашарлауына байланысты облыстың бірқатар аудандарында электр энергиясының уақытша өшуі тіркелді. Қазіргі уақытта энергетика саласының қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп, электр желілерін қалпына келтіру шараларын жүргізуде.
Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев энергетика саласына жауапты органдардың қатысуымен жиналыс өткізіп, ахуалды жеке бақылауына алды. Облыс әкімі өңірлік электр желілері ұйымдарына, төтенше жағдайлар қызметтеріне және жергілікті атқарушы органдарға электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «112» бірыңғай байланыс нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

