Орал қаласында экологиялық әрі әлеуметтік маңызы жоғары жаңа ботаникалық бақ ашылып, жаңа спорттық нысанның іргетасы қаланды. Іс-шараларға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев пен Freedom Holding Corp компаниясының басшысы Тимур Турлов қатысып, бұл жобалардың өңір дамуына қосатын үлесін атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа ботаникалық бақ «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Оның аумағында 1500-ден астам ағаш, 11 000-нан аса бұта отырғызылып, тынығуға арналған демалыс аймақтары, шахмат және үстел теннисі алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары салынды.
Сонымен қатар сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау, жаңа түрлерді бейімдеу және ғылыми тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым да қарастырылған. Бұл аумақ қала табиғатын көркейтіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу орталығы қызметін атқармақ.
Бақтың ашылуынан кейін шара Ақжайық шағынауданында бой көтеретін екі қабатты үстел теннисі кешенінің іргетасын қалау рәсімімен жалғасты.
Облыс әкімі мен Freedom Holding Corp басшысы бұл нысан өңірде бұқаралық және кәсіби спортқа серпін беретінін атап өтті.
Облыс әкімі өз сөзінде:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Спорт ұлт денсаулығының негізі. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерге қолжетімді инфрақұрылым салу мемлекет үшін басым бағыт. Әр өңірде заманауи спорт нысандары көбеюі керек. Бұл жастарды тәрбиеге, тәртіпке, жеңіске ұмтылуға баулитын маңызды орта», – деген сөзі біздің жұмысымыздың басты бағдары.
Осы тапсырмаларға сәйкес Freedom Shapagat қорының қолдауымен Орал қаласында жаңа Үстел теннисі орталығының құрылысы басталуда. Бұл өңірдегі теннис спортының дамуына серпін беретін айрықша жоба, – деді.
Кешенде 400 адамға арналған көрермен залы, 40 үстелге арналған үлкен ойын алаңы, конференц залы, медпункт болады. Жаңа ғимарат облыста ірі спорттық жарыстар өткізу мүмкіндігін кеңейтеді.
Қазіргі таңда өңірде 368 спортшы кәсіби түрде үстел теннисімен айналысады, олардың арасында бес спорт шебері және 16 спорт шеберіне үміткер бар.
Аталған жобалардың жүзеге асуына Freedom Holding Corp компаниясы қолдау білдірді.

