БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтың төрағалығымен инвестиция тарту мәселесіне арналған кеңес өтті,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Экономиканың қарқынды дамуы үшін тек мемлекеттік қаржыға сүйену жеткіліксіз. Бұл Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында атап көрсетілген маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте жеке инвестицияларды тарту арқылы іскерлік белсенділікті арттырудың маңыздылығы артып келеді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл мәселенің күн тәртібінен түспейтінін ерекше атап өтті.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бізге инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер жүктеді. 2024 жылы жеке инвестиция көлемі 538,5 млрд теңгені құрап, бұл жалпы инвестиция көлемінің 75,5%-ын (жалпы инвестиция – 712,9 млрд теңге) құрады. Алдағы уақытта жалпы құны 44,5 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, бұл өз кезегінде 769 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2026-2029 жылдары жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады”, – деп атап өтті өңір басшысы.
Кеңес барысында осы жылы аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырған компания басшылары мен өкілдері сөз алып, жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сонымен қатар, кездесуде инвесторлар тарапынан көтерілген мәселелер қаралып, олардың шешу жолдары пысықталды.
Облыс басшылығы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға тиісті сала басшыларына тапсырма берді.