Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтың төрағалығымен шегірткеге қарсы күрес жөніндегі штаб отырысы өтті,- деп хабарлайды Ertenmedia
Жиынға облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының басшысы, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында өңір басшысына қазіргі ахуал және қолға алынған шаралар туралы есеп берілді. Баяндамамен ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, сондай-ақ Қаратөбе, Бөрлі және Теректі аудандарының әкімдері сөз сөйледі.
Биыл облыс аумағында шегіртке тұқымдас зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 326,8 мың гектар аумақта жүргізу жоспарлануда.
Оның ішінде:
- республикалық бюджет есебінен – 134,5 мың га жерде жаппай шоғырланған шегірткелерге қарсы;
- облыстық бюджет есебінен – 192,3 мың га жерде дара түрлеріне қарсы өңдеу жүргізіледі.
Өңір басшысы шегірткенің егістік алқаптарына және ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығына елеулі қауіп төндіретінін атап өтті. Ол барлық тиісті құрылымдардың бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша Нариман Төреғалиев мониторингті күшейтіп, өңдеу жұмыстарын уақтылы жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ахуал облыс әкімінің бақылауында.