Бөкей ордасы – Сталинград шайқасының ең жақын тылы болған, соғысты бастан өткерген бірден-бір ауданның бірі десек, сұм соғыстың аяқталғанына, Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бүгін аудан орталығы Сайқын ауылында ата-бабаларымыздың маңдай тері мен ерлігіне құрметіне арналған «Бөкей Ордасы: майдандағы данқ, тылдағы ерлік» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Конференцияның бастауы алдымен Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, аудандық демалыс орталығында фойесінде қойылған көрме мен көріністі тамашалады. Одан әрі Хан ордасы тарихи – мәдени, архитектуралық – этнографиялық музей – қорығының ғылыми хатшысы Н.Уразгельдиеваның модератор конференцияның негізгі жұмысы басталды.
Конференция спикерлері Ресей Федерациясы, Волгоград облысы, Волгоград қаласының «Қорған» іздестіру-зерттеу тобының жетекшісі Алексей Медведев «Поисковая работа, как сохранение памяти всех народов», Қазақстан Журналисттер Одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі, Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов «От кешкен ордалықтар», Хан ордасы тарихи – мәдени, архитектуралық – этнографиялық музей – қорығы директорының тарихи-мәдени орындарды сақтау және инновациялық даму жөніндегі орынбасары Мереке Рушанов «Сталинград шайқасының от-жалынына шарпылған Орда», «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» қорының жетекшісі Айболат Құрымбаев «М.Мәметованың алғашқы ескерткіші туралы архивтік деректер», Жалпақтал мемлекеттік архивінің директоры Миржан Карабалин «Орда өңірі – Жалпақтал архивінде», Бөкей ордасы аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, өлкетанушы Жұбан Гумаров «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Бөкей ордасы ауданы» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Конференция барысында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов барша қатысушыларды алда келе жатырған Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, — неше мыңдаған бөкейліктер майдан да, тылда да ерлік көрсетті. Соғысқа аттанғандары қан төгіс майдан даласында өз туған елінің ұлтарақтай жері үшін, қарша жауған оққа кеудесін тосып, шыбын жаны, қасық қаны қалғанша күрессе, өздері аш болса да оқ пен оттың ортасында жүріп ұрыс даласында сарбаздарға қару-жарақ, азық-түлік, жылы киім сынды көптеген қажетті тауарларды жөнелткен тылдағы ата-әжелеріміз батырлықтың, табандылықтың, қайсарлықтың арқасында Ұлы Жеңіске жетті.
Міне, бұл күнде сол жеңіс туының желбірегеніне де 80 жыл толғалы отыр. Сұм соғыстың азабы мен қиыншылығын қара нардай қайыспай көтерген, халқымыздың бір-біріне деген адалдығының, қайраттылығы мен қайсарлығының арқасында «Жеңіс күніне» жетіп, елге аман-есен оралған аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін келер ұрпаққа насихаттау басты мақсатымыз. Ғасырлар жаңарып, арада қаншама жылдар өтсе де есімдері ел жүрегіне ұялаған батыр бабаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Нәубет күнге кеудесін оққа тосқан қаһармандарымыздың ерен еңбегі мен батырлыққа толы айшықты қолтаңбасы туған өлкенің топырағында, әр жүректе мәңгі өшпек емес , — деген ыстық ықыласын жеткізді.
Конференцияның қарары оқылып, барша делегаттарға аудан әкімінің атынан «Алғыс хаттар» табысталды.