Батыс Қазақстанда лауазымды қызметкердің 16 жастағы қызды зорлады деген іске қатысты жәбірленушінің әкесі тың мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz «Орал апталығына» сілтеп.
Әке сөзіне сенсек, полицияда әйелі мен қызын арызынан бас тартуға мәжбүрлеген. Алғашқы шағым қаңтар айының басында түскен. Содан бері отбасының мазасы кетіп, қысым күшейген. Анасы мен қызы жеке кабинетке шақырылып, «арызды қайтып алыңдар» деп үгіттеген. Отбасы мүшелері мұны әкесіне кейіннен ғана айтқан.
«Мен өз арызымнан бас тартпадым. Ертең қызымның көзіне қалай қараймын? Менің төрт жасар тағы бір қызым бар. Ол ертең бой жеткенде, дәл осындай сұмдыққа тап болса, тағы үнсіз қаламыз ба?» – дейді ол.
Отбасы полицияға арыз берген кезде, күдікті мас күйінде өз кінәсін толық мойындаған көрінеді. Екі күннен кейін екі адвокат жалдап, «қыздың жасы 20-да деп ойладым, өз еркімен болды» деген жауап айтқан.
«Егер кінәсі жоқ болса, оның әйелі неге біздің үйге келіп кешірім сұрайды? Құқық қорғаушылар неге ақша ұсынады? Оның туыстары Астанадан хабарласып, 10-20 миллион теңге, тіпті пәтер береміз деп те айтты. Барлығынан бас тарттым. Қызымның санасында ақша бәрін шешеді деген түсінік қалыптаспауы керек. Бұл оның болашағына жасалған қиянат болар еді», – деді қыздың әкесі.
Тіпті коллежге дейін араласқан…
Оның айтуынша, коллеж қызметкерлері де үйіне келіп, қызды тәртіптік есепке аламыз деп қорқытқан. Алайда оқиға түскі үзіліс кезінде болғанын білген соң райынан қайтыпты.
Жәбір көрген қыздың әкесінің сөзінше, аталған шенеуніктен зардап шеккен тағы бір жасөспірім қыз бар екен. Ол қызбен де жас жігіттің кейпінде байланысқа шығып, алдап-сулап үйіне әкеліп, зорлық жасаған. Алайда ол отбасы полицияға арыз бермеген. Шендінің тарапынан төнген қысымнан қорқып, үнсіз қалуды жөн көрген көрінеді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс ҚР ҚК 120-бабының 3-1-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамды зорлау») бойынша жүріп жатыр. Тергеу жалғасуда. Бұған дейін полиция істі тексеру барысында жәбірленуші мен анасы арызынан бас тартқанын, қарым-қатынас өзара келісіммен болғанын мәлімдеген еді. Тергеушінің мәліметінше, күдікті Шыңғырлау ауданы әкімдігіне қызмет атқарған, қазір жұмыстан босатылған. Әзірге ешқандай бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Әкесі болса, кінәліні жазалауға соңына дейін күресемін деп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

