Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында 1200 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген заманауи оқу мекемелерінің бірі, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген бұл мектеп – өскелең ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлықтың айғағы. Себебі, «Келешек мектебі» – болашаққа нық қадам басқан, заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталған, білім мен тәрбие ұштасқан орда боларына сеніміміз мол, – деп өңір басшысы бұл нысанның пайдалануға берілуі апатты жағдайдағы мектептің мәселесін шешіп, ауыл балалары үшін қолайлы әрі сапалы білім алуға жол ашатынын атап өтті.

Достық ауылындағы ескі мектеп ғимараты 1982 жылы салынған және 540 орынға ғана арналған болатын. Уақыт талабына сай келмейтін, апатты деп танылған ғимараттың орнына 3 қабатты жаңа мектеп салу – ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттырудағы маңызды оқиғаға айналды.
Жаңа білім ошағында 3 спорт залы, кітапхана, STEM зертханасы, IT сынып, коворкинг орталық, сондай-ақ футбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолақтары бар. Оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 5 мектеп қолданысқа берілді, тағы 4 мектептің құрылысы жалғасуда.
Мектептің ашылу салтанатында ардагер ұстаз Жұмағыз Хасанғалиева ауылда заманауи талаптарға сай жаңа мектептің ашылуын үлкен қуаныш ретінде бағалады:
– Жаңа мектеп – білім мен тәрбиенің ордасы ғана емес, ауылымыздың дамуының, болашаққа деген сенімнің көрінісі. Балаларымыздың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан мұндай игі істер үшін Президентімізге алғысымды білдіремін, – деді ардагер ұстаз.
