Burger King желісінің басшылығы аутизмге шалдыққан Әлібекке қатысты дау-дамайды реттеудің орнына, жанжалдың шоғын одан әрі үрлей түсті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлібектің анасы Жанат Қаратай желідегі парақшасында Burger King Kazakhstan бас директоры Алена Амилаханова қол қойған арнайы шақыру хатты жариялаған-тын. Хатта компания басшысының «жағдайды диалог арқылы шешуге дайын екені, сондай-ақ инклюзивті орта мен қызметкерлерді қолдау мәселесін кеңінен талқылау туралы» ұсынысы айтылған.
Алайда іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша өрбіпті…
Белгіленген уақытта Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығына келген Жанат Қаратай мен оның жұбайын «тосын сый» күтіп тұрған. Амилаханованың орнына кездесуге мүлде басқа адам келген.
Өзін Burger King басшысының өкілімін деп таныстырған Асқар Абаевич есімді азамат келіссөз үстеліне отыра сала астамшылық танытып, кездесуге бөтен адамның қатысуына қарсы екенін ашық жеткізген көрінеді.
Артынша Еңбек инспекциясы департаментінің басшысы залдан шығып кетуге мәжбүр болыпты.
Содан кейін-ақ жағдай күрт ушыққан
Жанат Қаратайдың «компанияның бас директоры Алена Амилаханованың өзі неге келмеді» деген сұрағына әлгі Абаевич дөрекі жауап қатып, балағат сөзді қарша жаудырған екен. Тіпті: «Сендер кімсіңдер өзі? Тағы кім керек? Америкадан бас құрылтайшыны алдырайын ба, әлде Такаевты (қаз-қалпында, ред.) шақырайын ба?» деп отқа май құйған көрінеді.
Мұндайды көтере алмаған Жанаттың жұбайы оған ел президентінің атын орынсыз тілге тиек етпеуді, аузындағы сағызын алып, дауысын бәсеңдетуін талап еткен.
Бұған әлгі азамат: «Шайнағым келе ме, шайнаймын! Не шатағың бар? Не істей аласың?» деп мысқылдап, кекесінмен жауап қатқан. Компания өкілі кейіннін жиынға zoom арқылы қосылған Еңбекмин және Бас прокуратура өкілінен де қаймықпапты.
Сотта кездесеміз
Жанат Қаратай бұдан әрі төзе алмайтынын айтып, тек Амилахановамен сөйлесетінін мәлімдегенде, Абаевич жағдайды одан сайын ушықтырып: «Аленамен кездеспейсіңдер! Менімен ғана сөйлесесіңдер. Сөйлесуден бас тартсаңдар, сотта кездесеміз!» деп ашық қорқытқан.
«Сөз ауанына қарағанда сот пен прокуратурада байланысы барын меңзегендей болды», — дейді осы тұста Жанат Қаратай. Осыдан кейін Жанат пен оның жұбайы келіссөз залын тастап шығуға мәжбүр болған.
Желідегі қауым Burger King басшылығының әрекетін айыптап, компанияға ел көлемінде бойкот жариялауға үндеуде. «Өздері мұрындық болған келіссөздің шырқын бұзғаны тегін емес. Абаевич дейтін провокаторды әдейі жолдаған болар. Сол арқылы сіздерді де арандатуды көздеді», — деп жазуда желідегі жұрт.
Ertenmedia Burger king дауын жанжал тұтанған сәттен үзбей көтеріп келеді. Даудың неден өріс алғанын осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

