Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан заңсыз шығарылған миллиардтар үшін жауапкершілік азаматтарға емес, қаржы схемасын ұйымдастырған клиникалар мен басқа да тұлғаларға жүктеледі деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, қордан ақшаны заңсыз шешіп алған азаматтардың өздеріне ешқандай талап қойылмайды.
«Азаматтарға кінә артып отырған жоқпыз. Олар өз ақшаларын алды. Иә, жинағын уақытынан ерте шешіп алды деуге болады, бірақ бұған жауапты қаржыны заңсыз шығаруды ұйымдастырған топтар мен клиникалар», – деп атап өтті ол.
Тергеу мәліметіне сәйкес, миллиардтаған теңгені заңсыз шешу тіс емханалары арқылы жүзеге асқан. Әдетте азаматтар зейнетақы жинақтарын үй алуға немесе нақты медициналық қызметтерге пайдалана алады. Бірақ бұл жағдайда көрсетілген қызметтердің ешбірі іс жүзінде орындалмаған.
«Бұл қордан ақшаны әдейі, заңсыз шығару схемасы. Қор өз кезегінде осы ақшаға инвестиция жасап, болашақта табыс табу мүмкіндігінен айырылып отыр. Демек, осы жерде зардап шегуші Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өзі», – деді Елемесов.
Қазір қор ресми түрде жәбірленуші тарап ретінде танылды. Бірқатар азамат қамауға алынып, іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Айта кетейік, қыркүйек айының ортасында Қаржы мониторингі агенттігінің тергеушілері Атырау облысында бірқатар стоматологияны жаппай тінту жүргізген болатын. Тергеу дерегінше, бір ғана клиника 22 миллиард теңгеден астам, екіншісі 20 миллиард, үшіншісі 18 миллиард, төртіншісі 13 миллиард, ал бесіншісі шамамен 9 миллиард теңге заңсыз қаржы шығарған. Операция Атырау қаласында ғана емес, облыстың Жылыой сияқты шалғай аудандарында да іске асқан.