Қазақ тілін қалжыңға айналдырған бас бапкер Станислав Черчесовке айыппұл салынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Бәрменқұлов Парламент отырысында футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовтың қазақ тіліне қатысты келеңсіз әрекеті үшін ресми түрде кешірім сұрап, оған айыппұл салынғанын жеткізді.
«Бұл жағдайды жан-жақты қарастырдық. Бас бапкердің журналиспен сөйлесу кезінде айтқаны әзіл ретінде қабылданғанымен, қоғам оны басқаша түсінді. Осы мәселе бойынша ішкі тексеріс өткіздік. Нәтижесінде Станислав Черчесовке тиісті көлемде айыппұл салынды. Алдағы уақытта этикалық тәртіп бойынша жұмысты күшейтеміз», – деді ол.
Айта кетсек, әлеуметтік желілерде Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің Ұлттар лигасындағы Қазақстан–Словения матчының баспасөз мәслихатында журналист Бегасыл Сейітханның қазақ тіліндегі сауалына дөрекі қалжыңмен жауап берген видеосы тарап, қызу талқыға түскен еді.
Журналистің киіміндегі ПСЖ логотипін меңзеген бапкер қазақ тілін әжуалап, «Сен французша сөйлеп тұрсың ба?» деген қалжыңмен жауап берді. Черчесовтің бұл әрекетін қоғам өкілдері өткір сынға алып, министрлік деңгейінде талқыланды. Туризм және спорт министрлігі бұл жайтты назардан тыс қалдырмай, футбол федерациясынан ресми түрде түсініктеме талап етті.
Қазір федерация бас бапкермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта мұндай оқиғалардың қайталанбауын қатаң бақылауға алмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

