Атышулы Қайрат Боранбаевтың бизнес серіктесі, NEF Qazaqstan басшысы Тарық Волкан Оскай ұсталып, Қазақстанға жеткізілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті Алматыдағы құрылыс жобаларына бағытталған 6 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған.
Тергеу анықтағандай, ол 2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың маусымына дейін құрылыс компаниясын басқарып, жалған келісімшарт арқылы ақшаны өзінің еншілес компанияларының есепшотына аударып отырған.
Қылмыс әшкереленген соң күдікті шетелге қашып, оған халықаралық іздеу жарияланған еді. Іздеу нәтижесінде күдікті Черногорияда қолға түсті. Бас прокуратураның бастамасымен және Интерполдың қолдауымен қашқын түрік елге жеткізіліп, қазір тергеу изоляторында отыр.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің бабына сәйкес 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.
Оскай деген кім өзі?
Тарық Волкан Оскай Қайрат Боранбаевпен бірге «Royal Comfort Astana» компаниясының иесі ретінде танымал. Компания Comfort Hotel Astana кешенін бақылауда ұстап, кейін активтерді қайтару науқаны аясында кешен мемлекет меншігіне өткен.
Сонымен қатар Оскай Қайрат Боранбаевтың меншігіндегі «Алмалы» (Almaly Assets Management) активтерді басқару компаниясында қызмет атқарған.
NEF Qazaqstan 2023 жылы Green Center тұрғын үй кешені бойынша туындаған үлкен даудан кейін аты шықты. Түркиялық құрылыс холдингінің Қазақстандағы еншілес компаниясы Алматыда ірі тұрғын үй кешенін салуға уәде беріп, кейін оны орындамаған.
Салдарынан NEF Qazaqstan Астана халықаралық биржасында (AIX) алғаш рет облигация бойынша дефолт жариялаған компания ретінде тарихта қалды. Компанияның инвесторлар алдындағы қарызы 4 миллиард теңгеден асып кеткен. Оскайдың ұсталуымен NEF Qazaqstan айналасындағы дау қайта жанданды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

