Чилиде президент сайлауының екінші турында консерватив саясаткер Хосе Антонио Каст жеңіске жетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресми нәтижеге сай ол 58 пайыздан аса дауыс жинаған. Сайлау 2025 жылғы 14 желтоқсанда өткен, қарсыласы солшыл кандидат Жаннетте Хара болғаны хабарланды.
Касттың өмірбаяны Чили саясатындағы көп әңгіменің өзегіне айналғанын білеміз. Батыс ақпарат құралдары оның әкесі неміс текті, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңімен байланысты тұлға болғанын, кейін отбасы Латын Америкасына қоныс аударғанын жазады.
Осы деректер қоғамда әртүрлі пікір туғызады, біреулер үшін ол өткеннің көлеңкесі, біреулер үшін тек өмірбаянның даулы бөлігі болып көрінуі мүмкін.
Ал саясаттағы бағыты анық. Каст сайлау науқанында қауіпсіздік, қылмысқа қарсы қатаң шара, миграцияны бақылауды күшейту тақырыптарын алға шығарды.
Заңсыз мигранттарды елден шығаруға, шекара бақылауын қатайтуға басымдық беретінін айтты. Бұл ұрандардың бір бөлігі АҚШ-тағы қатаң риторикаға ұқсайтынын шетелдік басылымдар да атап өтті.
Тағы бір маңызды тұс бар. Касттың жақтастары оны «тәртіп орнататын көшбасшы» деп қабылдайды, қарсы тарап диктатура кезеңін сағынатын риторикадан сақтану керек дейді.
Кей материалдарда оның Пиночет дәуіріне қатысты көзқарастары да қоғамда алаң тудыратыны жазуда.
Чилидегі нәтиже Латын Америкасындағы жалпы үрдіске де ұқсап тұр. Соңғы жылдары аймақта «қатаң тәртіп», «шекара», «миграцияны тоқтату» деген ұранға сұраныс артты.
Аргентинадағы Милей секілді оңшыл саясаткерлердің күшеюін де осы көңіл күймен байланыстыратын сараптамалар бар. Чилидің жаңа президенті сол толқынның кезекті белгісі ретінде бағаланып отыр.

