Шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан бюджетіне 112 млрд теңге көлемінде қосымша құн салығын (ҚҚС) төледі, деп хабарлайды Ertenmedia Мем.кіріс комитетіне сілтеме жасап.
2025 жылы шетелдік цифрлық сервистер бюджетке 41,8 млрд теңге аударып, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп қаржы түсірген.
Салық төлеуде көш бастап тұрғандар Temu (6,2 млрд теңге), Valve (5,3 млрд теңге) және Apple (5,2 млрд теңге). Биыл алғаш рет салық төлегендер қатарында Next Retail (283 млн теңге) мен Alibaba.com (142 млн теңге) бар.
Қазіргі кезде Қазақстанның салық жүйесінде 116 шетелдік цифрлық платформа тіркелген. Биыл олардың қатарына OpenAI, Chess.com, Canva және ресейлік Okko сияқты 18 жаңа компания қосылды.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасы қатаңдатылып, ҚҚС төлеуден жалтарып немесе тіркелуден бас тартқан интернет-платформалардың жұмысы Қазақстан аумағында бұғатталады. Ережені бұзған компаниялардың тізімі ашық түрде жарияланады.