Алматы облысында білім беру саласын цифрландыру және жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізуге бағытталған тәжірибелік тренинг өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«EdTech & AI: Инновация және интеграция» атауымен ұйымдастырылған іс-шара Іле ауданындағы №53 орта мектеп базасында өтті.
Тренинг Daryn.ai платформасында мұғалімдерге арналған жасанды интеллект курсын іске асыру аясында ұйымдастырылған. Бастаманы Алматы облысының білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова көтерген.
Цифрлық білім берудегі жаңа кезең
Іс-шараның ашылуында басқарма басшысы жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі стратегиялық рөліне тоқталып, оны сапалы білім берудің маңызды құралы ретінде қарастыру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллектті тиімді пайдалану уақыт талабына ғана емес, оқыту сапасын арттыру міндетіне де тікелей байланысты. Мұнда мұғалімнің кәсіби дайындығы мен заманауи көзқарасы шешуші мәнге ие.
Тәжірибелік тренингке облыстық білім басқармасының өкілдері, әдістемелік орталық мамандары, аудан және қала білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары, сондай-ақ eData.kz, Bilim Media Group (Bilimland), Daryn.AI және Алматыкітап компанияларының өкілдері қатысты. Сонымен қатар Daryn.AI платформасы арқылы курстан өтіп, өз жобаларын әзірлеген педагогтер де тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шараның басты мақсаты педагогтерге жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, оқу үдерісін жекелендіру, даралап оқыту және кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігін кеңейту болды. Таныстырылым алаңында технологиялық компания өкілдері TEDx форматында инновациялық шешімдерін ұсынып, білім беру саласындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған ой-пікірлерін ортаға салды.
Цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу оқыту сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Осы бағыттағы жұмыстардың мәні мен іске асу барысы туралы eData.kz компаниясының директоры Санжар Кенжехан тарқатып айтты.
Оның сөзінше, компания Қазақстанда Google, Canva және Quizizz AI платформаларының ресми өкілі саналады. Осы құралдар жасанды интеллектке негізделіп, мұғалімдер мен оқушыларға кеңейтілген мүмкіндіктер ұсынады.
Құжат айналымын автоматтандырудан бастап, ішкі оқу процестерін оңтайландыруға және оқушыларға жекешелендірілген білім беруге дейінгі бірыңғай экожүйе қалыптасып келеді. Осы арқылы қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын теңестіру көзделіп отыр. Қазіргі таңда аталған платформаларға республика бойынша 13 облыс қосылған, енді бұл қатарға Алматы облысы да енді.

Тренинг барысында облыс ұстаздары авторлық жобаларын таныстырып, жасанды интеллектті сабақта қолданудың нақты мысалдарын көрсетті. Қатысушылар цифрлық білім беру ресурстарының мүмкіндіктері мен тәуекелдері, EdTech саласындағы заманауи үрдістер және AI құралдарын оқу үдерісіне кіріктіру мәселелері жөнінде пікір алмасты. Сонымен бірге «Жасанды интеллект пен мұғалім: әріптестік пе, бәсеке ме?» тақырыбындағы пікірталас алаңында дәстүрлі оқыту тәсілдері мен инновациялық әдістерді үйлестіру жолдары талқыланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тәжірибелік тренинг педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға және білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам саналады.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ават ауылында ерекше әрі пайдалы өнім лимон өсіруге арналған заманауи жылыжай кешені іске қосылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

