Грекия әлеуметтік желілерді 15 жасқа толмаған балаларға пайдалануға тыйым салмақшы, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы 8 сәуір күні Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис арнайы мәлімдеме жасады. Үкіметтің мұндай шешім қабылдауына жасөспірімдер арасындағы мазасыздықтың, ұйқының бұзылуы мен әлеуметтік желілерге тәуелділіктің артуы себеп болған.
– Грекия осы бастаманы қолға алған алғашқы елдердің бірі болады, алайда соңғысы болмасына сенемін. Біздің мақсатымыз бүкіл Еуропалық одақ көлемінде осы бағыттағы жұмысты жеделдету, – деді Кириакос Мицотакис.
Премьер-министрдің айтуынша, Грекия парламенті осы заңды 2026 жылдың ортасына дейін қабылдайды деп жоспарланып отыр. Содан кейін, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік желілер 15 жасқа дейінгі балалардың аккаунттарын техникалық тұрғыдан шектеуі тиіс болады. Бұл талаптарды орындамаған платформалар Еуроодақтың цифрлық қызметтер туралы заңы бойынша жаһандық айналымның 6%-ына дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
Сонымен қатар, Мицотакис Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйенге хат жолдап, бүкіл Еуроодақ бойынша «цифрлық кәмелет жасын» 15 жас деп белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ ол платформалардан пайдаланушылардың жасын тексеруді міндеттеуді және ережені бұзғандарға біркелкі санкциялар енгізуді талап етті.
Афина билігі бұл бастаманың жалпы еуропалық шешімсіз толық тиімді болмайтынын мойындап отыр. Грекия үкіметінің министрі Акис Скертсостың пікірінше, ұлттық заңнама көп жағдайда Еуроодақтың нормаларына тәуелді, сондықтан тек грек заңы ғана жеткіліксіз болуы мүмкін.
Ұқсас шараларды басқа мемлекеттер де қолға ала бастады. Мәселен, былтыр желтоқсанда Австралия әлемде алғаш болып әлеуметтік желілерді 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануға тыйым салған еді. Индонезия осы жылдың наурыз айынан бастап дәл осындай ережені енгізді.
Сонымен қатар Ұлыбритания, Франция және Түркияда да әлеуметтік желілерге қатысты шектеулер талқылануда. Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қою ұсынылып, жасөспірімдердің аккаунттарына бақылауды күшейту мәселесі қаралып жатыр.
9 сәуірге арналған ауа райы болжамы: Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







