Вашингтон үшін Орталық Азия енді нақты экономикалық мүдделердің, әсіресе стратегиялық минералдар нарығындағы күрестің аймағына айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Америкалық Cove Capital компаниясының Қазақстанда вольфрам кен орындарын игеруге бағытталған миллиардтық келісімшарты осы бағыттағы алғашқы нақты қадамдардың бірі. Жобаға қатысушы Cove Kaz Capital-дың бас директоры Доминик Хитон АҚШ-тың өңірдегі минералдық стратегиясын алғаш рет ашық талқылады.
Сирек металдар ойыны
Қырғызстанда 5 ақпанда аяқталған «B5+1» форумы барысында АҚШ билігі Орталық Азиядағы минералдық ресурстарға қол жеткізу жолында біршама ілгерілеуге қол жеткізгенін көрсетті.
Дегенмен әлі де атқарылатын жұмыс көп. Cove Capital мен Қазақстан ұлттық компаниясы Tau-Ken Samruk арасындағы келісім соның нақты мысалы. Жобаға сәйкес, америкалық компания акциялардың 70%-ын, ал қазақстандық тарап 30%-ын иеленеді. Қытайдың аймақтағы минералдық ықпалын төмендету мақсатында АҚШ Экспорт-импорт банкі 900 млн долларға дейін, ал Халықаралық даму қаржыландыру корпорациясы (ISF) 700 млн долларға дейін қаржы құюға дайын екенін ресми түрде мәлімдеді.
Доминик Хитон бұл келісімшарттың АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар екенін жасырмады. Өйткені қазіргі таңда әлемдегі вольфрам нарығының 80%-ы Қытайдың бақылауында.
АҚШ бұл тәуелділіктен құтылудың жолын іздеп отыр. Cove Kaz жобасы жүзеге асса, Қарағанды маңындағы екі кен орнынан жылына жалпы 12 мың тоннаға дейін вольфрам өндіру жоспарланған. Хитонның айтуынша, бұл АҚШ-тың маңызды минералдарға деген ішкі қажеттілігін ұзақ мерзімге қамтамасыз ете алады.
Жобаға қатысты техникалық-экономикалық негіздеме шамамен екі жыл ішінде аяқталады, ал өндірісті бастау бес жылдан кейін ғана мүмкін болмақ. Келісімнің техникалық детальдары әлі де талқылану үстінде. Бірақ қазірдің өзінде америкалық клиенттер тарапынан қызығушылық жоғары екені байқалады.
Осы ретте қызықты бір тұсты атап өту қажет. Хитонның пікірінше, Қазақстаннан Еуропа мен Солтүстік Америкаға вольфрамды жеткізу логистикасы «айтарлықтай қиындық туғызбайды». Бұл пікірдің артында Қазақстан билігінің сауда ережелерін батыстық стандарттарға жақындатуға деген ынтасы жатыр. Дегенмен өңірлік сарапшылар логистика мен бюрократиялық процестердің әлі де күрделі екеніне назар аударады.
Баға мәселесі де өзекті. Вольфрам бағасы 2024 жылғы 320 доллардан 2026 жылы қаңтарда 1100 долларға дейін күрт өскен. Бұған Қытайдың экспорттық квотаны қысқартуы себеп болған. Осы жағдайдан АҚШ-тың Cove Capital сияқты компанияларға инвестиция салу туралы шешімінің дұрыстығын дәлелдейтін фактор болып отыр.
Бірақ америкалық инвесторлардың барлық жобалары дәл осы Cove Kaz сияқты табысты бола бермеуі мүмкін. Форумға қатысушы Mooney Group компаниясының басшысы Джим Муни мысалы, Орталық Азиядағы пайдалы қазбалар нарығына енудің қиындығын ашық айтады.
Сурьма сияқты маңызды минералдарды игеру үшін бес жылдық лицензиялау процесі тым ұзақ. Бұл инвесторлар үшін үлкен кедергі болып қала береді.
Бес жылдық белгісіздік
Қазақстандық «Дала Ресурсс» компаниясының менеджері Алмаз Аширов та батыс инвесторларының белсенділігі туралы күмәнін білдірді. Оның айтуынша, литий өндіру жобасына америкалық инвесторлардың назары тым төмен, есесіне қытайлық компаниялар үздіксіз байланысқа шығып, келісімге шақырады екен.
Бірақ Қазақстан бұл жобада батыс серіктестерін күтіп отыр. Себебі Қытай тек шикізатты өндіріп алуды көздесе, Батыс компаниялары өңдеу өндірісін де дамытуға ынталы.
Қазіргі уақытта Cove Kaz-дың жобасы АҚШ-тың Орталық Азиядағы минералдық дипломатиясының бет-бейнесі болып отыр. Бірақ өңірлік ойыншылар бұл дипломатияның нақты нәтижелеріне әлі де күмәнмен қарайды. Себебі Cove Kaz секілді ірі америкалық жобалар әзірге сирек кездеседі.
Дегенмен, Cove Capital мен Қазақстан үкіметі арасындағы келісімнің жоғары деңгейде қолдауға ие болуы – маңызды белгі. АҚШ сауда министрі Говард Лютниктің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі және сол кезде Дональд Трамптың жеке телефоны арқылы араласуы – жобаның Ақ үй үшін стратегиялық маңызын дәлелдейді.
Осылайша, АҚШ-тың Орталық Азиядағы минералдық стратегиясы жаңа кезеңге аяқ басты. Cove Kaz жобасы сәтті жүзеге асса, бұл бүкіл өңірдегі америкалық инвестицияларға жол ашатын айқын үлгіге айналмақ. Бірақ бұл жобаның тағдыры әзірге көп сауалдарға толы. Оның жауабы алдағы бес жылда белгілі болады.
Айтқандай, Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саван Қазақстандағы жаңа инвестицияларды уақытша тоқтататынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

