Ұлытау облысындағы денсаулық сақтау жүйесі терең дағдарыста. Дертіне дауа таппаған халық Астана мен Қарағанды арасын шаңдатып, сабылып жүр деп жазады Ertenmedia.
Онкология бөлімі небәрі 30 орынға ғана есептелген облыстық аурухананың жағдайы сын көтермейді. 106 орындық перинаталдық орталықта екі-ақ анестезиолог-реаниматолог, алты акушер-гинеколог бар.
Ал облыстық онкология бөлімінде үш дәрігер мен жеті орта медициналық қызметкер бүкіл облыс тұрғындарының тағдыры үшін жауапты болып отыр.
Жақында ғана Жаңаарқа ауданында қарапайым аппендэктомия жасатуға келген төрт баланың анасы операция үстелінде көз жұмды. Оған себеп ауруханада ең қарапайым препараттар мен құрал-жабдықтардың жоқтығы, аллергиялық сынаманың дұрыс жүргізілмеуі және мамандардың кәсіби біліксіздігі.
Депутат Аманжол Әлтай Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында осы мәселені көтерді.
«Халық денсаулығы ұлт болашағы. Ұлытау өңірінің тұрғындары сапалы медициналық көмекке лайық» – деді ол.
Депутаттың айтуынша, сайлаушылармен кездесуде тұрғындар істемей тұрған КТ аппараттары, құрал-жабдықтар тапшылығы, дәрігерлердің жетіспеуі, медициналық мекемелердегі тазалықтың төмендігі мен дәрі-дәрмектің жоқтығына шағымданған.
Сондай-ақ, зейнет жасындағы ескі көзқарасты дәрігерлердің білікті жас мамандарға орын бермей отырғаны да ашық айтылған.
Ал шалғайдағы ауылдардың жағдайы тіпті күрделі. Ауыл дәрігерлері науқастарды ауруханаға жеткізе алмай, әркімге жалынып-жалбарынып жүргені де жасырын емес. Себебі, мемлекет берген жаңа жедел жәрдем көліктерін бірінші қала мен аудан орталықтары алады. Ауылдарға қала мен ауданнан шыққан ескі көліктер ғана бұйырады. Оның өзі жүрсе жақсы…
Осыған байланысты депутат Әлтай Үкіметке нақты ұсыныстар жасады:
- Бірінші, Ұлытау облысында 2026 жылға дейін көпсалалы заманауи клиникалық орталықтың құрылысын бастау қажет. Орталықта онкология, перинаталдық бөлімдер мен жедел медициналық көмек көрсету бөлімдері болуы тиіс.
- Екінші, облыстық және аудандық ауруханаларды толықтай тексеруден өткізіп, қайта жаңғырту қажет.
- Үшінші, ауылдық медицинаны дамытудың «дағдарыс кадрлық квотасы» бағдарламасын енгізу. Яғни, ауылға барған жас мамандарға қызметтік үй, көтерме жәрдемақы, жоғары жалақы берілсе, тар бейінді мамандар саны артады.
- Төртінші, әр ауруханада «пациентке бағытталған» басқару үлгісін енгізіп, қоғамдық бақылау орнату.
- Бесінші, ауыл дәрігерлерін жаңа жедел жәрдем көліктерімен бірінші кезекте қамтамасыз ету.
«Қазірдің өзінде шешім қабылдамасақ, ертең кеш болады. Адам өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең басты міндеті. Ұлытау халқы үшін дәрігердің алдындағы есік өлім мен өмір арасындағы есікке айналмауы тиіс», – деді депутат Әлтай.