Жаңа Конституцияға сәйкес мемлекет кәсіпкерлердің бизнесін және жеке меншігін қорғауға толық міндетті болады. Бұл туралы Астанада өткен «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты партияаралық диалогта «Ақжол» партиясының өкілі Дания Еспаева мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еспаеваның айтуынша, жаңа конституциялық норма кәсіпкердің бизнесі, өндірген өнімі мен салған инвестициясын толық заңдық қорғауға кепілдік береді.
«Мысалы, салық органдары кәсіпкердің шотын негізсіз бұғаттаса, ол сот арқылы шотты аштырып қана қоймай, мемлекеттен келтірілген шығынды өндіріп алуға құқылы болады», – деді ол.
Депутат бұл өзгерістердің үш негізгі құндылыққа – қорғауға, сенімге және әділеттілікке негізделгенін атап өтті. Конституциядағы бұл нормалар кәсіпкерлік саласына сенімділік пен тұрақтылық әкеледі, деді ол.
Еске сала кетсек, жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдум 15 наурызда өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







