Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары кезінде қаладағы бірқатар инвестициялық жобаның жүзеге асу барысын бағамдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алатау ауданының Көкқайнар шағынауданында салынып жатқан «А» санатындағы қойма кешені – соның бірі. Жалпы аумағы 46 500 шаршы метрді құрайтын логистикалық нысанның құрылысы наурыз айында аяқталмақ.
Электрондық коммерция қарқын алған кезеңде мұндай инфрақұрылымдық жобалар мегаполистің тарату тізбегін күшейтіп, жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылар қойма сегментіндегі сапалы алаңдардың тапшылығы шағын және орта бизнеске қосымша шығын жүктейтінін айтып келеді. Сондықтан «А» санатындағы кешен іске қосылғанда логистикалық экожүйе жаңа деңгейге көтеріледі деген күтілім бар.
Қала басшысы Индустриялық аймаққа да барып, «Telli Ondiris» тұрмыстық химия және жеке гигиена құралдарын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Жобаға 3 млрд теңге инвестиция салынған, өндірістік қуаты жылына 30 млн дана өнімге жетеді.
Импортқа тәуелді сегментте отандық өндірістің үлесін арттыру экономикалық қауіпсіздік үшін стратегиялық қадам. Дархан Сатыбалды қаланың мекемелері мен ұйымдары тарапынан осы кәсіпорын өнімдерін сатып алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Жергілікті өндірушіні қолдау бюджет қаржысының өңір ішінде айналымда қалуына, жұмыс орындарының сақталуына ықпал етеді.
Сапар аясында әкім жалпы аумағы 2,8 мың шаршы метр болатын Кіші өнеркәсіптік паркке де барды. Мұнда кондитерлік өнімдер мен еттен жартылай фабрикаттар өндіретін тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Осындай шағын өндіріс алаңдары қаланың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға жағдай жасайды.
Қала экономикасының құрылымында өңдеу секторының үлесін ұлғайту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың басты факторы. Инвестиция, логистика және жергілікті өндірісті біріктірген мұндай жобалар Алматының индустриялық әлеуетін жүйелі түрде кеңейтіп келеді.
Алматы қаласының газдандырылған аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салу туралы шешім 2026 жылдың 30 желтоқсанынан бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін газға қосылып алыңыздар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

