Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желілерде Дариға Назарбаеваны насихаттайтын контенттердің көбейгеніне алаңдаушылық білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы журналист Сырым Итқұлов та өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, депутаттың сөзінің астарында шындық бар екенін жеткізді.
«Қаңтардан кейін елден кеткендер біртіндеп оралып, белсенді әрекетке көшкен секілді. Депутат Бапидің айтуынша, Назарбаевтар отбасы миллиондаған оқырманы бар блогерлер мен вайнерлерге «Назарбаев дәуірі керемет еді» деген мазмұнда видеолар түсіру үшін демеушілік жасап жатыр», – дейді Итқұлов.
Журналистің айтуынша, Тикток әлеуметтік желісінде Дариға Назарбаеваның жастар ортасында жүрген видеосы кең таралған.
«Бұл кадр 2022 жылғы іс-шарадан алынған, онда Назарбаева үшінші президент әрі Қазақстанның тұңғыш әйел басшысы болады деген жазу бар», – деп атап өтті Сырым Итқұлов.
Бапидің пайымы қандай?
Ал депутат Ермұрат Бапидің пікірінше, әлгі әрекеттер халықтың санасына әсер етуге бағытталған саяси манипуляция.
«Жуырда әлеуметтік желілерде Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны шектен тыс дәріптеген видеолар пайда болды. Егер бұл адамның өзгелерден адами «артықшылығы» болса, ештеңе демес едік. Бірақ әңгіме кеше ғана билікте екінші лауазымда болған адам жайлы болып отыр. Бұл видеолар – ескі режимді ақтап, халық санасына сіңірілмек саяси ойынның бір көрінісі», – деді депутат Мәжіліс отырысында.
Ол бұл әрекеттердің ел ішінде «ескіні аңсауды» қоздырып, қоғамды екіге жаруға бағытталған астыртын жұмыс екенін атап өтті.
«Қаңтар оқиғасына себеп болған топтар енді қайтадан бас көтеріп, қоғамдық пікірге ықпал етуді көздейді. Осылайша, «ескіні аңсау», «өткенді дәріптеу» арқылы «Жаңа Қазақстанды» саяси бөлшектеу, өш алу әрекеттері байқалады», – деп түйіндеді Ермұрат Бапи.
Бұған дейін депутат Назарбаев дәуірінің «қара жәшігін» ашуды талап еткен болатын.

