Әлемжеліде Дариға Назарбаеваның жаңа кітабы туралы ақпарат тарады. «Мои заслуги перед народом» деген атпен жарық көрген кітаптың тұсаукесері жабық форматта өтті деген де ақпарат бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Таралған мәліметтерде Назарбаеваның кітабында өмірі мен еңбек жолын баяндап, ел дамуына қосқан үлесі жайлы ой қозғайтыны айтылған.
«Қазақстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы өз естеліктерімен бөлісіп, Қазақстанның болашағы туралы пайымдаған», – делінген желіде тараған ақпаратта.
Алайда «Меломан» кітап дүкенінің өкілдері мұндай кітаптың сатылымға шықпағанын, тіпті мұндай кітап туралы ешқандай ақпараттары жоқ екенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде тараған «Мои заслуги перед народом» кітабы ешқашан біздің сайтта немесе Marwin/»Меломан» дүкендерінде сатылған емес. Бізге белгілі мәліметтерге сүйенсек, мұндай кітап тіпті жоқ», – деп жауап берді дүкен өкілдері.
Еске сала кетейік, бұған дейін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа дейін» кітабында жеке өмірі мен туыстары туралы ашық жазған болатын. Назарбаев ол кітабында екінші некесінен туған балалары, сондай-ақ Кәрім Мәсімов пен Рахат Әлиев туралы да пікір білдірген еді.

