Давос форуымындағы Тоқаев пен Трамптың қысқа ғана диалогы күтпеген детальдармен есте қалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев Дөкеңнің әйгілі «365 күндегі 365 жеңіс» құжатында Қазақстанның Авраам келісіміне қосылуын өз жетістігі етіп көрсеткеніне назар аударған екен.
Ақорданың баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Давос форумында Трамппен тілдескен Тоқаев дәл осы мәселеге ерекше екпін берген.
«Президент Давоста таратылған «Трамптың 365 күндегі 365 жеңісі» атты құжатындағы 177-ші тармақ, Қазақстанның Авраам келісіміне қосылуы туралы жазбаға Ақ үй басшысының назарын аудартты. Сонымен бірге америкалық әріптесіне ішкі саясаттағы «парасатты ұстанымы» үшін сәттілік тіледі», – деді Желдібай.
Өз кезегінде Доналд Трамп Тоқаевқа «Бейбітшілік кеңесін» құру бастамасына қолдау білдіргені үшін алғыс айтқан.
Әңгіме барысында Тоқаев: «Қазақ елінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ» деп Трамптың көзіне тіке қарапты. Әңгіменің астарын түсінген АҚШ президенті қазақ көшбасшысының арқасынан қағып, қолдау білдірген екен.
Айта кетелік…
Бүгін Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда президент Тоқаев Доналд Трамп ұсынған «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қойды. Кеңес Ғаза секторын қалпына келтіруді көздейтін бейбітшілік жоспарының бір бөлігі ретінде құрылып отыр. Рәсімге Қазақстан басшысымен қатар тағы 18 елдің өкілдері қатысты.
Айта кету керек, Қазақстан Авраам келісіміне өткен жылдың қарашасында, Тоқаевтың Уашиңтон сапары кезінде қосылған болатын. Ақорда осы арқылы еліміздің Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға өз үлесін қосуға ниетті екенін ерекше атап өткен-ді.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша Давостағы форумда Тоқаев Трампты Астанаға арнайы шақырған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

