Еліміздің денсаулық сақтау саласында дәрі-дәрмек жеткізу тізбегі цифрлық негізде қайта жаңартылып жатыр. «СҚ-Фармация» компаниясы логистиканы басқарудың жаңа кезеңіне өтіп, дәрі-дәрмектің қозғалысын толықтай онлайн бақылауға мүмкіндік беретін жүйені енгізуге кірісті. Енді жеткізілім жолы, қоймадағы тауар қоры, тасымал уақыты мен сапасы нақты уақытта көрініп тұрады. Бұл бастама тек техникалық жаңалық қана емес, медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмекті уақтылы жеткізудің кепілі болмақ.
Мәселе көп жылдан бері өзекті. Кейде өңірлерде дәрі-дәрмек уақытында жетпей, емделушілерге қолайсыздық туып жататын. Осындай олқылықтарды болдырмау үшін бірыңғай дистрибьютор заманауи логистикалық шешімдерге көшіп отыр. Жол картасы 2025–2026 жылдарды қамтиды және оның басты мақсаты – қоймадан ауруханаға дейінгі процестің әр сатысын ашық әрі нақты ету. Енді дәрі-дәрмектің қозғалысы бір ғана орталықтан бақыланады. Бұл цифрлық экожүйе логистика мен есептің тиімділігін арттырып, адами фактор ықпалын барынша азайтады.
Жоба аясында қоймаларды басқарудың бірыңғай дерекқоры (WMS) құрылып, көлік логистикасын оңтайландыратын жаңа жүйе (TMS) іске қосылады. Әрбір партияның қозғалысы нақты уақыт режимінде тіркеліп, жеткізу бағыты автоматты түрде таңдалады. Бұған қоса, медициналық ұйымдардың өтінімдері де электронды түрде өңделеді. Бұл дәрі-дәрмек жеткізу мерзімін қысқартып, артық шығындарды азайтады. Ең бастысы – әр өңірге қажетті препараттар нақты көлемде, уақытында және сапалы күйінде жеткізілмек.
Сарапшылардың пікірінше, денсаулық сақтау жүйесінде мұндай реформа ұзақ күткен қажеттілік еді. Бұған дейін қоймалар мен тасымалдаушылар арасындағы деректер бір-бірімен толық үйлеспейтін. Енді жаңа интерфейстер ақпарат алмасуды автоматтандырып, деректердің қауіпсіздігі мен дәлдігін арттырады. Яғни, барлық есеп бір платформада жүргізіліп, дәрілік заттар қозғалысы толық қадағаланады.
Биылғы жылдың соңына дейін жаңа жүйе толық пайдалануға берілмек. Компания БФАЖ деп аталатын Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйені де жаңартып жатыр. Бұл платформа жаңа серверге көшкен соң, өнімділік өсіп, өтінімдерді өңдеу жылдамдығы артады. Ал лицензиялар мен техникалық қызмет көрсетуге кететін шығын қысқарады. Сарапшылардың айтуынша, цифрлық жүйенің енгізілуі саланың тиімділігін арттырып қана қоймай, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартады.
Мұндай жаңғырту денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен құрылымдардың бірі үшін маңызды бетбұрыс болмақ. Өйткені дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тек қоймадан ауруханаға дейінгі жол емес, бүкіл медициналық жүйенің сенімді тірегі саналады. Цифрлық бақылау мен ашықтық енгізілгенде ғана халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.