Қазақстанда көлік басқару кезінде телефон пайдалану мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы бағыттағы сот және полиция тәжірибесін мұқият бақылайтынын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, телефонмен сөйлескен жүргізушілерге қатысты норма жаңа емес, бірақ осы саладағы құқық қолдану тәжірибесі енді өзгеріске ұшырап жатыр.
Абзал Құспан заңға өзгеріс енгізбес бұрын, қазіргі жағдайға жан-жақты талдау жүргізудің маңызды екенін атап өтті.
«Осы мәселеге қатысты Әкімшілік кодекске соңғы уақытта өзгерістер енгізілмеді. Телефонмен сөйлесуге салынған тыйым бұрыннан бар, бейнебақылау арқылы анықталса, жүргізушіге айыппұл жазылады. Дегенмен, осы норма қолданудағы қазіргі тәжірибе өзгеріп барады, біз соны зерделейміз. Егер сот немесе полиция тарапынан қандай да бір қателік кетсе, бұл жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасалады», – деп түсіндірді депутат Абзал Құспан.
Мәжілісмен депутаттардың бұрын да мұндай жағдайларда жылдам араласқанын еске салды. Мысалы ретінде ол Қылмыстық кодекстің 339-бабына және есірткіге қарсы заңнамаға енгізілген түзетулерді атады.
«Сот тәжірибесінде нақты қателіктер анықталса, тиісті шараларды қолға аламыз. Қажет болған жағдайда Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізуге дайынбыз. Бірақ алдымен азаматтардың шағымдары мен сот актілерін толық талдауымыз керек. Көлік жүргізіп келе жатып әлеуметтік желіге кіру тек жүргізушінің емес, айналасындағылардың да өміріне қауіп төндіреді, сондықтан тәртіп керек», – деп толықтырды Абзал Құспан.
Сөз соңында депутат заңның дұрыс қолданылуын қатаң бақылауға алатынын жеткізсе де, жүргізушілердің өздері де жауапкершілікті сезінуге тиіс екенін баса айтты. Телефонмен әуестенген жүргізуші жолда жүргендердің бәріне қауіп төндіретінін еске салды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







