Қазақстанда таза ауыз судың стратегиялық жүйелері олигархтардың қалтасын толтыру көзіне айналып кеткен. Бұл туралы депутат Бақытжан Базарбек премьер Бектенов пен Бас прокурор Асыловқа жолдаған өткір сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың сөзінше, елдің 10 аймағында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар су желілері жеке компаниялар мен тұлғалардың қолына өтіп кеткен. Нәтижесінде олар су жеткізу ісінде абсолютті монополист болып, коммуналдық тарифтерді қымбаттатып, бәсекелестікті жойып, халықтың есебінен қалтасын қалыңдатуда.
Мысалы…
Павлодардағы су желілерін «Павлодар-Водоканал» ЖШС иеленсе, Теміртауда «Аква Трейдинг», Алматы облысының Қаскелең қаласында «Каскелен Ж», Шығыс Қазақстанда «Восток Энерго», Қарағанды облысының Шахтинск қаласында «Шахтинск Водоканал», «Водоканал Новодолинский», Солтүстік Қазақстанда «Булаев Су», Алматы қаласының Бостандық пен Наурызбай аудандарында «Орхан» компаниясы басқарып отыр.
Осы аудандардың тұрғындары құзырлы органдарға су тарифінің негізсіз қымбаттығына, сапасыз қызметке, желілердің жөнделмей тозығы жетуіне қатысты сансыз шағымдар жолдаған.
«Ауыз судың стратегиялық инфрақұрылымын жекеменшікке өткізіп, халықты соған тәуелді еткен жағдай қалай қалыптасты? Бұл азаматтардың құқығын шектеп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, әлеуметтік шиеленісті күшейтіп отыр», – деді Бақытжан Базарбек.
Мәжілісменнің айтуынша…
Су құбыры желілері халықтың өмір сүруіне тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды инфрақұрылым. Сондықтан олардың жеке меншікте болуы қоғам мен мемлекет мүддесіне мүлдем қайшы.
«Жаңа Конституция жобасында нақты жазылған: меншік иесі өз меншігін қоғам мен мемлекет мүддесіне сай пайдалануы керек. Егер жеке адамдар заңды бұзып, қоғамдық мүддеге қайшы әрекет етсе, ол активтерді заңсыз деп танып, мемлекет меншігіне қайтаруға тиіспіз», – деп нақтылады депутат.
Осыған байланысты Бақытжан Базарбек Үкімет пен Бас прокуратураға өңірлердегі ауыз су инфрақұрылымының қалай және қандай жолмен жекеменшікке өткенін толық тексеруді талап етіп, заң бұзушылық анықталса, стратегиялық маңызды су желілерін мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады.
Айта кетелік, бұған дейін Базарбек атышулы МӘМС-тың былықтарын әшкерелеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







