«Әке, телефон бермесең, өлтірем!». Төрт жасар баласының аузынан шыққан сөз депутат Базарбекті онлайн ойынның қауіп-қатері туралы ашық айтуға мәжбүрледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Minecraft секілді танымал ойындардың бала психикасын зақымдап, агрессияны қалыпты жағдайға айналдыратынына алаңдаушылық білдірді.
«Кіші ұлым төрт жаста ғана. Бірақ оның аузынан соңғы кезде ауыр, бейәдеп сөздерді жиі еститін болдым. Әуелі бұл қайдан шықты деп, балабақшадан, туыстардан көргім келді.
Алайда кейін баламның Minecraft ойнаған кезде балалардың өзара қандай дөрекі сөздер қолданатынын байқадым. Олар бір-біріне ойын барысында балағат, агрессивті тіркестерді жиі айтады.
Осыған құлағы үйренген бала, сол дөрекі сөздерді күнделікті өмірде де қолдана бастайды», – деді депутат.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, Minecraft ойынында жиі естілетін «өлтірем», «бауыздаймын», «лақтырып жіберем» деген сөздер балалардың сөздік қорына еркін еніп жатыр.
«Бір күні төрт жасар баламның «Әке, телефон бермесең, мен сені өлтірем» деген сөзін естігенде, төбемнен жай түскендей күй кештім. Бала үшін мұндай қорқынышты сөздердің қалыпты жағдайға айналуы өте қауіпті құбылыс. Өсе келе осы сөздерді шынайы өмірде де қолдануы әбден мүмкін. Себебі мұндай ойындар баланың санасында агрессия мен қатыгездікті тұрақты әдетке айналдырады», – деп дабыл қақты депутат.
Сонымен бірге ол интернет пен әлемжеліні түгелдей бұғаттау керек деген пікірде емес екенін жеткізді.
«Балалар YouTube, Instagram сияқты платформаларды пайдалануы керек. Бірақ цифрлық кеңістіктегі Minecraft секілді жасырын қаупі бар өнімдерді анықтап, балаларды солардың ықпалынан қорғауымыз қажет», – деді Бақытжан Базарбек.
Айта кетелік, бұған дейін Ақпарат министрі Аида Балаева жасөспірімдерге әлемжеліге кіруге шектеу қою керегін айтқан болатын. Артынша депутат Ерлан Сайыров дәл осындай мәселе көтеріп, Үкіметке сауал жолдаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

