Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Қонаев қаласының прокуроры Жәнібек Жақаевпен кездесіп, жергілікті тұрғындарды мазалап жүрген мүлік дауы мәселесін талқылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесу Қонаев қаласындағы «Қапшағай-Алтын Алма» бау-бақша тұтынушы кооперативінің мүшелері тарапынан бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан шағымына байланысты ЖСДП Алматы облыстық филиалының ұсынысымен өтті. Жиынға қалалық полиция, әкімдіктің ішкі саясат және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ кооператив мүшелері қатысты.
Кооператив мүшелерінің айтуынша, олардың жеке қаржысына салынған ұзындығы 3 600 метрлік су құбыры желісі кейін заңсыз жолмен үшінші тараптың иелігіне өтіп кеткен.
Тұрғындар мүлікті рәсімдеу процесінің ашық өтпегенін, құжаттың заңдылығы мен хаттамадағы қолдың түпнұсқалығына күмән бар екенін алға тартуда.
Рақымжанов нені анықтады?
Депутат Асхат Рақымжанов мәселені зерттеу кезінде мүлікті рәсімдеу ісінде бірқатар заңсыздықтың белгісі бар екенін анықтағанын мәлімдеді.
«Мәселені терең талдай келе, жай серіктестіктер құру кезіндегі құжаттардың заңдылығы мен рәсімдеу тәртібіне қатысты заңды сұрақтар туындады. Әсіресе, хаттамаларды жасау процесі мен ондағы қолдардың түпнұсқалығы жіті тексеруді қажет етеді», – деді депутат.
Сондай-ақ, 1998 жылы тұрғындардың жеке қаражатына салынған инфрақұрылымның күтімі мен салық шығынын да тұрғындар өз мойнына алған. Алайда кейін нысандар тұрғындардың келісімінсіз үшінші тұлғалардың меншігіне өткен.
Кездесу нәтижесінде Қонаев қаласының прокуратурасы мәселені толық бақылауға алды. Құқық қорғау органы кондоминиум объектілерін рәсімдеудің заңдылығы мен мүлік иелерінің құқығын қорғау мәселесін қайтадан мұқият тексеретін болады.
«Басты мақсат әділдікті қалпына келтіру. Инфрақұрылымды салуға қаражат жұмсаған азаматтар өз мүддесін қорғап, кеткен шығындарын өтей алуы тиіс. Барлық шешім тек құқықтық негізде қабылдануы қажет», – деді Асхат Рақымжанов.
Бұдан бөлек…
Кездесу барысында депутат Мәжілістегі ЖСДП фракциясы бау-бақша серіктестіктеріне мемлекеттік қолдауды күшейтуге бағытталған заңнамалық жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, партияның заң шығару бастамалары халықтың жергілікті жерлерде кездесетін нақты проблемалары мен өтініштеріне негізделген.
Депутаттардың өңірлердегі жұмыс сапарлары мен халықпен кездесулері 5-13 қаңтар аралығында жалғасады. Бұл шаралар барысында AMANAT, Ауыл, Ақ жол, ЖСДП, ҚХП және Respublica парламенттік фракцияларының депутаттары қабылданған заңдар туралы тұрғындарды хабардар етіп, жергілікті проблемаларды назарға алады және мемлекеттік органдардың әрекетін қадағалайтын болады.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Бапи экс-елбасының жүрісін-тұрысын қадағалауды ұсынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

