Ішкі істер Шымкентте 21 жастағы студент қыздың өліміне қатысты тергеу ісін өз бақылауына алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, қоғамда кең талқыланып жатқан оқиғаға байланысты полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты қызметтік тексеру басталған.
«Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оған тәжірибелі мамандар тартылды. Барлық дәлелдер мұқият тексеріліп, бейнебақылау камераларынан алынған жазба жан-жақты сараланады. Күдіктінің барлық әрекетіне толық құқықтық баға беріледі», – делінген министрлік таратқан мәлімдемеде.
Министрлік қатыгездікке байланысты кез келген қылмысқа принципті ұстанымда екенін және кінәлі адамның міндетті түрде заң алдында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Депутат неге наразы?
Осы оқиғаға қатысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те пікір білдірді. Оның айтуынша, қыздың өлімін алдын алуға болар еді.
«Шымкент полициясы қыздың ата-анасының аңду мен ұрлауға қатысты шағымына дер кезінде назар аударғанда, 21 жастағы бойжеткенді аман алып қалуға болар еді», – деп жазды депутат желідегі парақшасында.
Әбенов осы орайда видеожазба жариялап, Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысын қызметтен босатуды талап етті.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 11 қаңтарда Шымкент қаласында болған еді.
21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайды белгісіз біреу бірнеше жерден пышақтап өлтірген. Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбадан бойжеткеннің қашуға тырысқаны, бірақ күдіктінің оны қуып жетіп, соққыға жығып, пышақ жарақатын салғаны анық көрінеді.
Содан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Полицейлер күдіктіні 13 қаңтар күні қаладан он шақырым қашықтықта ұстады. Ол 28 жастағы жергілікті тұрғын, марқұм қыздың танысы болып шықты. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Нұрай оқиға болған жерге жақын көпқабатты үйде ата-анасымен бірге тұрған. Ол отбасында екі ағасынан кейінгі кенже бала еді. Шымкент қалалық полиция департаменті бұған дейін күдіктінің сот шешімімен қамауға алынғанын ресми мәлімдеген болатын.
Бұған дейін Шымкентте тағы бір шатақ шыққан болатын. Қаладағы ең ірі ауданның полиция басшысы парамен ұсталған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

