Өскемендегі ауаның ластануы тұрғындардың тынысын тарылтып, шығыстағы ағайынның жанына батып тұр. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов қаланың экологиялық жағдайын Энергетика министрлігінің алдына төтесінен қойды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат әсіресе қыс мезгілінде ауаның шектен тыс ластанып, көмірмен жанатын пештердің түтіні халықты тұншықтырып отырғанын ашық айтты. Жылу орталықтары мен жеке сектордағы пештердің қою қара түтіні қала аспанын тұмшалар, тұрғындарды шарасыз күйге түсірген.
Министрлік өкілі Қайырхан Тұтқышбаев бұл мәселенің екі түрлі шешімі бар екенін жеткізді.
«Солтүстік және Шығыс Қазақстанды газдандыру мәселесі бойынша екі нұсқа қарастырылған. Біріншісі Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан газ құбырын тарту еді. Бірақ Қытай тарапы құбырды Моңғолия арқылы жүргізуді ұйғарды. Дегенмен, келіссөздер әлі жалғасып жатыр», – деді вице-министр.
Екінші жол Ресей тарапымен бірлескен «Ишим–Астана» газ құбырының жобасы.
«2027 жылдан бастап 2030 жылға дейін «Ишим–Астана» жобасын іске асырамыз. Алдымен солтүстік өңірге газ жеткізуді аяқтап алып, содан кейін шығыстағы мәселені түбегейлі шешуге көшеміз», – деп уәде берді Қайырхан Тұтқышбаев.
Депутаттың атап өткеніндей, Шығыстағы ел экологиялық мәселенің тезірек шешілуін тағатсыздана күтіп отыр. Бұған дейін Ұлықбек Тұмашинов Энергетика министрлігіне Өскемен қаласындағы экологиялық ахуалға байланысты сауал жолдаған еді.
«Өскеменде экологияға байланысты өте қиын жағдай туындап отыр. Балаларымыз мектепке бара алмай, қашықтан оқуға мәжбүр. Оның себептері көп, бірақ негізгі шешімдердің бірі қаланы газдандыру, – деген болатын мәжілісмен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

