Алматының №2 Медеу аудандық сотында Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың ісі бойынша сот отырысы өтті. Оның мүддесін танымал адвокат Назкен Құсайынова қорғауға кірісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сот барысында адвокат Құсайынова бұл істі журналистердің қатысуынсыз, жабық режимде қарауды сұрады.
«Бұрын сотталмаған, пробация бақылауына түспеген жас жігіттің психологиялық жағдайы ауыр. Соңғы бес ай ішінде ол пробация қызметінің қатаң бақылауында болды. Электронды білезікті үнемі тағып жүру, инспекторлармен күнделікті байланыста болу – мұның бәрі оған айтарлықтай қысым жасауда. Егер оны қазір түрмеге жіберсек, түзелмейді, керісінше, біз қоғамның қарапайым мүшесінен, небәрі 21 жастағы жас жігіттен айырыламыз», – деп мәлімдеді адвокат.
Адвокат соттан Нұрасыл Болатты бас бостандығынан айырмауды өтініп, оның қоғамға еш қауіп төндірмейтінін жеткізді. Ал Нұрасыл Болаттың өзі сот залында істеген әрекетіне өкінетінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрасыл Болат 2024 жылдың мамыр айында адвокат Олег Чернов пен оның әйелі Аннаға шабуыл жасағаны үшін екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын. Сот шешімімен ол Алматыдағы пробация қызметінің бақылауына алынып, түнгі уақытта үйінен шығуына тыйым салынған. Алайда пробация қызметінің өкілі оның бұл тәртіпті бірнеше рет бұзғанын сотқа жеткізген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

