Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл жаңа Конституция жобасында тарихи сабақтастық ұстанымының ерекше орын алғанын атап өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, Конституциядағы «Ұлы дала» ұғымы – жай эмоциялық сипаттағы әдемі сөз емес, керісінше, мемлекеттің терең тарихын, мәдени тамыры мен ұлттық кодын құқықтық деңгейде бекітетін нақты ұғым. Яғни, осы норманың енгізілуі өткен мен бүгінді байланыстырып, елдің келешегін нықтайтын құқықтық көпірдің қызметін атқарады.
«Бұл Қазақстанның ішкі тұтастығын нығайтып, сыртқы әлемге елдің терең тарихы мен ұлттық ерекшелігін паш етудің маңызды қадамы», – дейді Еркін Әбіл.
Сонымен бірге депутат Конституциядағы тарихи сабақтастық ұстанымының халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатынына тоқталды. Мысалы, Қытай, Венгрия, Польша, Литва сияқты елдердің негізгі заңдарында да тарихи сабақтастық ұлттық егемендіктің ажырамас бөлігі ретінде көрсетілген.
«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, осы норманы бекіту ешқандай бөлінушілікке немесе артықшылыққа жол ашпайды, керісінше, елдің бірлігі мен тұрақтылығын арттыра түседі. Сондықтан Қазақстан үшін де осы ұстанымды Конституцияда нақты көрсету – қисынды әрі әділ шешім», – деп толықтырды депутат.
Жаңа құжатта ерекше екпін берілген бап
Сондай-ақ, Еркін Әбіл мемлекетіміздің унитарлы сипаты мен халықтың егемендік иесі екені жаңа Конституцияда айқындалғанына мән берді. Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасы унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі президенттік республика» деген тұжырым елдің аумақтық тұтастығын, басқару жүйесінің бірізділігі мен құқықтық кеңістіктің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Ал егемендіктің иесі халық екенін нақты көрсету билік жүйесін әлсіретпейді, керісінше, оның заңдылығы мен мемлекеттің тұтастығын күшейтеді дейді депутат.
«Жалпы алғанда, тарихи сабақтастық, «Ұлы дала» ұғымы, унитарлық қағида мен халықтың билік субъектісі екендігі жаңа Конституцияның бір-бірімен тығыз байланысты тіректері. Олар бірге елдің құқықтық, тарихи және мәдени негізін нығайтып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сондықтан жаңа Конституцияны жаңа дәуірдің құқықтық қаңқасы деуге толық негіз бар», – деп қорытындылады Еркін Әбіл.
Айта кетелік, бұған дейін Ата заңның жаңа нұсқасын сынаған белсендіге көлемді айыппұл салынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

