Алматыда «Меркур Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісін соққыға жығып, көлікпен таптаған күдіктіге қатысты істің тоқтатылуы марқұмның туыстарының ашу‑ызасын туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, қылмыс 29 наурыз күні тіркеліп, кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Алайда кейін тергеу тоқтатылған.
Құзырлы орган Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 45-бабы 7-бөлігінің 4-тармағына сүйенген. Аталған норма күдіктінің немесе айыпталушының психикасы уақытша бұзылғаны не ауыр сырқаты бар екені ресми түрде расталса, тергеуді тоқтатуға мүмкіндік береді.
Марқұмның жақындары бұл шешіммен келіспейді. Оқиғадан бері бес айға жуық уақыт өтсе де, күдікті қамауға алынбаған. Тергеу барысында оған шизофрения диагнозы қойылған.
Еуразия арнасындағы «Көреміз» бағдарламасына келген туыстары сот‑психиатриялық сараптама қорытындысына күмәнмен қарайды.
«Рентген суреттерін көргенде денеміз тітіркеніп кетті. Сүйектердің көбі қираған, аяқтарын тек бұлшық еттері ғана ұстап тұрған. Күйі өте ауыр еді», – дейді марқұм Нұрболды соңғы рет көрген Жоламан Жұмабекұлы.
Алты айға жуық тергеу жүргенімен, іс сотқа жетпеген. Нұрболдың артында екі ұл, бір қызы қалды. Отбасын асырау үшін кез келген жұмысқа келіскен күзетші соңғы қызметінде айына 150 мың теңге жалақы алған.
Марқұмның анасы не дейді?
Марқұмның анасы жерлеу күнінен кейінгі жағдайды да еске алды.
«Баламды жерлеген күні кешке бір әйел мен төрт ер адам келді. Келгендер баламды өлтірді деген жігіттің ата-анасы екен. Анасы тоғыз жыл бұрын қызынан айырылғанын, содан кейін ұлының мінезі өзгергенін айтты. Ауырады деп ашық айтпады. Ақша берейік, қырқын өткізіп берейік деді. Мен келіспедім», – дейді анасы.
Ertenmedia дерегінше, күдікті ретінде танылған азамат бұрынғы депутаттың ұлы. Сараптама қорытындысында оған органикалық сандырақ, тұлғаның дисоциалды және эмоционалды тұрақсыз бұзылысы диагноздары қойылған.
Марқұмның анасы ауыр психикалық диагнозы бар адамның қалайша көлік тізгіндеп жүргеніне жауап таппай, әділ тергеу талап етіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

