Мәжіліс комитетінің кезекті отырысында «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кәдімгі техникалық заң жобасын талқыланып, заң жобасына белгісіз біреулердің Біріңғай есепке алу жүйесі (ЕСУ) мен құмар ойын бизнесіне қатысты түзетулер енгізіп жібергені сол кезде анықталды.
Бүкіл индустрияның қаржылық құрылымын өзгертуі мүмкін маңызды түзету былайша айтқанда «тығылып», салалық емес комитет арқылы өтіп жатқаны депутат Бақытжан Базарбекке ұнамады деп жазады Ertenmedia.
«Жалпы, Президенттің және Үкіметтің бірнеше рет берілген тапсырмаларына қарамастан негізгі мақсаты жыл сайын тек комиссиялардан ғана 3,9 триллион теңге табыс табатын монополиялық құрылым құру көзделіп отыр.

Жарайды, бастапқыда ЕСУ-ды мемлекеттік кәсіпорын ретінде құру жоспарланған еді. Бірақ сіздердің көпшілігіңіз өте маңызды жайтты білмейсіздер.
Қазір ЕСУ іс жүзінде ширма ретінде ғана қалып отыр. Оның бүкіл функциялары ресейлік NomaPay компаниясына берілген. Енді ресейлік NomaPay компаниясы жыл сайын осы 3,9 триллион теңгені табатын болады. 3,9 триллионның 20%-ы ғана ЕСУ-да қалады, қалған 80%-ы Ресейге кетеді. Бұл — нақты капиталдың сыртқа шығарылуы.
Ресей ештеңе істеп жатқан жоқ, ресейлік компаниялар ешқандай жұмыс атқарып отырған жоқ. Олар тек NomaPay платформасын құрған, болды. Барлық ақша дәл осы платформа арқылы жүздеген миллиардтар көлемінде сыртқа шығарылатын болады», — деген депутат масқара мәселені ашық жайып айтты.
Оның сөзінше, Президент «Біз құмар ойын бизнесін толық жоя алмаймыз. Бірақ оны ақша елде қалатындай етіп реттеңдер» деп тапсырма берген еді. Бірақ ол керісінше орындалуда.
«Ал сіздер қандай платформа құрдыңыздар? Неліктен NomaPay туралы айтпайсыздар? Неліктен оны жасырып отырсыздар? Бізде NomaPay бойынша барлық мәліметтер бар.
NomaPay мен ЕСУ арасында жасалған келісім нақты көрсетіп тұр: NomaPay онлайн-казино мен жалпы ойын бизнесін техникалық қызмет көрсетуден түсетін табыстың 80%-ын алады.
Сіздер бұны айтпайсыздар, тек ЕСУ туралы ғана айтасыздар. Бұл депутаттық корпусты адастыруға әкеледі. Сондықтан мен бұл түзетуге түбегейлі қарсымын. Бұл сөздерімді стенограмма үшін айтып отырмын. Неге? Өйткені бұл капиталды сыртқа шығару, бұл шетелдік қатысушылардың мүддесін лоббилеу, бұл патриоттыққа жатпайтын әрекет. Әрине, менің дауысым ештеңені шешпейді. Бірақ тарих үшін бір күні бұның да беті ашылады, бір күні қоғам бұны біледі, бір күні бұл әрекетке құқықтық және саяси баға беріледі», — деді, Бақытжан Базарбек.
Оның бұл уәжіне өкілетті орган өкілдері тұщымды жауап қайтара алмады.

