Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мешіттердегі ас беру рәсімдері қымбат екенін сынап, бұл мәселені шешу керек екенін айтты, деп хабарлайды ErtenMedia.
«Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20 000 теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз! Адам өліміндегі ас емес, той жасайтын дастархан! Минималды баға — 7000 теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не?» — деп ашынды ол.
Депутат Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарханда тек 7-ақ ас түрі болатынын, одан басқа мәзір жоқ екенін жеткізді.
«Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды? Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан сайын соққы болып отыр», — деді ол.
Оның айтуынша, қоғамдағы ысырапты жою үшін ең алдымен мешіттерден бастау қажет.
Жуырда Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы марқұмның қонақ асы, жетісі, қырқы және қазадан кейін 52 күнін өткізгенде де мал союға тыйым салды. Жаңа пәтуә бойынша айыр қалпақты ағайындар қайтыс болған адамның үйінде алғашқы үш күн қазан көтермейді.