Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Түркістандағы Яссауи кесенесінің жанына түнгі клуб салмақ болған кәсіпкерлерді сынға алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, былтыр Алматы немесе Астанадан келген бір кәсіпкер қасиетті кесенеге жақын жерден көңіл көтеру орнын ашуды жоспарлаған. Алайда бұл бастамаға жергілікті халық пен ақсақалдар бірден қарсы шығып, түнгі клубтың ашылуына жол бермеген.
– 2023 жылы Түркістанда бір оқиға болды. Сол кезде алматылық па, әлде астаналық па, әйтеуір бір кәсіпкер дәл осы Яссауи кесенесінің түбінен түнгі клуб ашпақшы болған. Жергілікті ақсақалдар қарсылық танытып, бұл әрекет тоқтатылды. Егер сол клуб ашылып, адамдар арақ ішіп, таңға дейін даңғаза музыка қосылып, түрлі әдепсіздіктерге жол берілсе, Түркістанның киесінен не қалады?! Сондықтан бұл жерде Түркістанның киелілігін сақтау деген ұстаным өте орынды, – деді депутат Абзал Құспан.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы және оған қатысты түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі тарапынан әзірленген.
Жаңа заң жобасына сәйкес, енді Түркістан қаласында, әсіресе Яссауи кесенесінің айналасындағы құрылыс жұмыстарына қатаң шектеулер қойылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







