Қазақстанда Мәжіліс депутаттарының жалақысы 700 мыңнан басталып, 1,5 миллион теңгеге дейін барады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл сома мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі мен депутаттың лауазымдық деңгейіне қарай белгіленеді. Дегенмен халық қалаулыларының табысы жалақымен шектелмейді, олардың көбі ірі бизнестің иесі немесе құрылтайшысы.
Тұрлыхановтың дүние-дәулеті туралы не белгілі?
Мысалы, мәжілісмен Дәулет Тұрлыханов бұрын спортта танылған тұлға. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы бүгінде депутат болумен қатар, ауқатты кәсіпкер саналады.
Тұрлыхановтар әулетінің басты активі – Семейде орналасқан «СемАЗ» зауыты. Кәсіпорын автобус және ауыл шаруашылығы техникасын шығарып, оны негізінен мемлекеттік ұйымдарға жеткізумен айналысады.
Мемлекеттік сатып алудың тұрақты қатысушысы саналатын компанияның үстінен сотқа шағым жиі түседі. Оны мемлекеттік тапсырысқа қатысудан шектеу туралы да арыздар болған. «СемАЗ» «Вираж» компаниялар тобының құрамына кіреді. Осы топтың негізін қалаушылардың бірі Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің інісі Ерлан Нығматулин.
Бұдан бөлек, депутат Тұрлыхановтың Ақмола облысында жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Бұл кәсіпкерлік балық аулауға және өзге де су жануарларын аулауға лицензия алған. Оның осы жеке кәсіпкерліктен түсетін жылдық табысы шамамен 17,5 млн теңгеге бағаланады.
Берденовте не бар?
Ал тағы бір депутат Руслан Берденовтің есімі елге танымал Sandyq ұлттық мейрамханалар желісімен тығыз байланысты. Ашық деректерге сүйенсек, Берденов Akniet Pharmaceuticals компаниясының иесі, белгілі кәсіпкер Қайрат Итемгеновпен бір сыныпта, бір топта оқыған. Бұл компанияның құрамына Europharma мен Arzan Pharm дәріхана желілері кіреді. Депутаттыққа дейін Берденов аталған дәріханалар желісін басқарған.
Садықов та қалыспайды…
Мәжіліс депутаты Асқар Садықовтың да бизнестегі орны ерекше. Оның аты Ақтөбедегі Royal Hotel қонақүйімен байланысты аталады. Бұл бизнесті депутаттың жұбайы Калауша Садықова басқарады.
2017 жылы ресейлік әнші, «Иванушки International» тобының мүшесі Андрей Григорьев-Апполонов осы қонақүйдің қызмет сапасын сынға алып, ел ішінде үлкен шу шыққан.
Осы оқиғадан соң қала тұрғындарының назары депутат отбасына да ауған еді. Сондай-ақ Садықовқа Ақтөбе өңіріндегі «Сауқайын» шаруа қожалығы да тиесілі екені айтылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







