Мәжіліс депутаттары Үкіметтің халықтың арыз-шағымына берген кейбір жауаптарын сынға алып, нақты нәтиже көрсетуді талап етті, деп жазады Ertenmedia.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутаттардың өңірлерге дәстүрлі сапары барысында тұрғындар көтерген мәселенің қаралу нәтижесін қорытындылады.
Оның айтуынша, жылына екі рет депутаттар ел ішін аралап, халықтың өтініш-тілегін жинақтап, кейін Үкіметтің осы мәселелер бойынша атқарған жұмысының есебін тыңдайды.
«Біз халық айтқан мәселені жүйелеп, бірлесіп шешеміз. Содан кейін Үкімет мүшелерінен атқарылған жұмыс бойынша ашық есеп тыңдаймыз. Бүгін біраз мәселе көтерілді, ұсыныстар айтылды.
Алайда кейбір сұраққа берілген жауап сенімсіздеу әрі жалпылама болды. Әр депутат сауалының артында халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін нақты проблема тұр.
Сондықтан, Қанат Алдабергенұлы (Үкіметбасының орынбасары Қанат Бозымбаевқа қарата айтылды, ред.), келесі жолы сіздерден осы мәселелер бойынша нақты шешім мен нәтиже күтеміз. Қажет болса, Үкімет мүшелері өңірлерге өздері барып, жағдайды көзбен көріп, сол жерде шешім қабылдауы тиіс», – деді Ерлан Қошанов.
Депутаттар шенділердің кейбір сауалды бір-біріне сілтеп, жауапкершілікті ысыруға тырысатынын да сынға алды. Мәжіліс халықтың созбаққа салған келісімдер мен қағаз жүзіндегі есептерді емес, жедел әрі нақты атқарылған істі күтіп отырғанын ерекше атап өтті.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Бесағаштың «крутой» қожайыны: Тоқаевқа жеткен жанайқайды Базарбек қолға алды

