Жамбыл облысы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің басшысы Секер Бүркітбаев қызметінен кетті. Ол қызметтен 2 маусым күні өз еркімен берген өтінішіне сәйкес босатылған.
Бұл туралы Бас прокуратура Ertenmedia агенттігіне хабарлады.
Бүркітбаевтың отставкаға кетуі департамент қызметкері Әлия Қожабекованың әлемжеліде президентке жолдаған даулы үндеуімен тұспа-тұс келді.
Қожабекованың мәлімдеуінше, ол өзі қызмет ететін мекемедегі бірқатар заңсыздықтарды әшкерелегеннен кейін қудалауға ұшыраған.
Әлия Қожабекова бұған дейін бірнеше мәрте (видео арқылы) әріптестері статистикалық мәліметтерді қолдан бұрмалап, соттылығы бар азаматтар туралы деректерді заңсыз жойып отырғанын мәлімдеген.
Сондай-ақ ол осыған дейін Бас прокуратура тарапынан жүргізілген тексерулер формалды түрде ғана жүргізіліп, еш нәтиже бермегенін ашық айтқан еді.
Қожабекованың мәлімдемесінен кейін Бас прокуратура департаменттің жұмысын үшінші мәрте тексеріп жатыр. Бас қадағалау органы тексерісті жан-жақты әрі объективті жүргізу үшін іске құзыретті прокурорлар мен өзге де мамандар тартылғанын атап өтті.
Дегенмен, 4 маусым күні Әлия Қожабекова кезекті бейнеүндеуінде өзінің принципшілдігі үшін қудаланып жатқанын ашық айтты. Оның сөзінше, ведомстводағы заңсыз әрекеттерді әшкерелегеннен кейін қысым көрсету күшейген.
Ал қызметінен кеткен Секер Бүркітбаев Жамбыл облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментін 2022 жылдың қазан айынан бастап басқарған болатын. Бас прокуратура әзірге Бүркітбаевтың отставкасының нақты себебі туралы толық ақпарат бермеді.
Қазір жұртшылық назары Бас прокуратура жүргізіп жатқан үшінші тексерудің қорытындысында. Осы істің қалай аяқталатыны және оған кімдердің жауап беретіні әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
КОНТЕКСТ
Еске сала кетсек, бұған дейін әлемжеліде Жамбыл облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің қызметкері Әлия Қожабекованың видеоүндеуі тараған болатын.
Қожабекова құқық қорғау саласындағы былық туралы батыл мәлімдеме жасаған еді.
Оның айтуынша, ведомствоның бірыңғай тергеу тізімінен сотталған азаматтар туралы деректерді заңсыз өшіру әдетке айналған.
«2013 жылы демалысқа кеткенімде кейбір әріптестерім сотталған азаматтардың мәліметін қылмыстық базадан өшірген. Мақсат – соттылық деректерін жасыру болған.
Кейін жұмысқа оралған соң басталған тексеру нәтижесінде еш жазығым жоқ маған жала жабылып, бөлім басшылығынан босатты. Осыдан кейін қызметімді қиындатып, бала-шағаммен басқа аудандарға бірнеше рет ауыстырып жіберді», – дейді бұрынғы прокурор.
СОРАҚЫСЫ…
11 жылдан соң департаментке қайта оралған Қожабекова сол бұрынғы заңсыздықтар әлі жалғасып жатқанына куә болып, басшылыққа қайта-қайта рапорт жазған. Алайда арызы қараусыз қалған.
Керісінше, заң бұзушылықтарды ашып көрсеткені үшін өзіне қысым көрсетіліп, ақыр соңында жұмыстан қайта босатылған.
Әлия Қожабекова осы мәселе бойынша шынайы тексеріс жүргізіліп, әділдіктің орнауын талап етуде.