Жаһандану үрдісі күшейіп, ақпараттық экспансия үдей түскен заманда әлемде көптеген елдер өз дәстүрі мен рухани құндылықтарын жаңаша бағамдауға тырысуда. Алайда рухани саланы қамтитын ақпараттың көптігі мен бір-біріне қайшы келуі жұртты шатастырып, қателесуге апаратынын уақыт дәлелдеуде. Сондықтан дінді жан-жақты меңгерген, сауатты да білікті мамандарға қажеттілік артқанын еліміздегі жалғыз ислами жоғары оқу орны – Нұр-Мүбарак университетіне түсушілер легінен аңғаруға болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайшылығымен құрылған Нұр-Мүбарак университетіндегі Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған ашық есік күнінде журналистер еліміздегі діни мәселелер мен дін мамандарын даярлауға қатысты маңызды сауалдарына жауап алды. ТМД-да баламасы жоқ Нұр-Мүбарак университетін 24 жыл ішінде исламтану, дінтану, теология, шетел филологиясы, аударма ісі мамандықтары бойынша 2543 түлек бітірген (88%-ы жұмыспен қамтылған). Олар діни салада ғана емес, әкімдіктер мен аймақтық Дін істері басқармалары, діни зерттеу орталықтары, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі, түзету мекемелері, білім беру салаларында да табысты қызмет етіп жүр.
«Қазір Нұр-Мүбарак университетінде 2409 шәкірт үш сатылы деңгейде (бакалавриат, магистратура, докторантура) білім алуда. Ал университеттің оқу кешені 1000 орынды қамтиды. Жыл сайын студенттер саны артып келе жатқандықтан, біз 4000 студентке арналған жаңа ғимарат салудамыз», – дейді университет проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар.
Нұр-Мүбарак университетіне тек жастар ғана емес, басқа мамандық иелерінің де сұранысы артуда. Діни сауаттылыққа ұмтылушы топқа ерекше серпіліс берген екі жылдық екінші жоғары білім (ЕЖБ) бөлімі 2019 жылы ашылған. Осы кезге дейін 166 түлек тәмамдаса, қазір 138 студент білім алуда. ЕЖБ бөлімін таңдаушылар теология, дінтану бойынша білім алса, биылдан бастап исламтану бағыты да қосылды.
Болашақ діни мамандарды зайырлы қоғам талаптары мен ұлттық құндылықтарды меңгеруге негізделген пәндер де басты назарда. Одан бөлек, түрлі сайыстар мен байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталып отырады. Бұл шаралар болашақ дін мамандарының қоғамда белсенді, жан-жақты болуына ықпал етуде.
Отандық жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде ТОП-20 қатарына енген Нұр-Мүбарак университеті халықаралық деңгейде 22 оқу орнымен әріптестік ынтымақта. Студенттермен қатар оқытушылар да тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту бағдарламаларына қатысады. Ал оқытушы-профессорлық құрамда отандық білікті ғалымдармен қатар Мысыр, Түркия елдерінен келген 24 ғалым дәріс береді. Араларында көне қолжазбалар мен каллиграфиялық өнерден сабақ өтетін маман да бар.
Еліміздегі дерадикализация және діни тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде де Нұр-Мүбарак университетінің орны ерекше. Ислами сауалдар мен фәтуа беру ісіне қатысты сауал қойған журналистерге проректор Ершат Ағыбайұлы университет ғалымдарының ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде белсенді жұмыс істейтінін мәлімдеді. Қасиетті Рамазан айында БАҚ өкілдерімен өткен ашық есік күнінде журналистер өздерін толғандырған түрлі сұрақтарына жауап алып, берекелі ауызашар дастарқанынан дәм татты.