Алматыда көрнекті мемлекет қайраткері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 114 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тағылымды шараға Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев, Халықаралық Д.Қонаев қорының президенті Эльдар Қонаев, М.Әуезов музейінің директоры Дияр Қонаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Дінмұхамед Ахметұлының жақын туыстары мен замандастары, жоғары оқу орындарының студенттері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Шарада сөз алған Халықаралық Д.Қонаев қорының президенті Эльдар Асқарұлы Қонаев:
– Бүгін халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толып отыр. Оның өмірі мен еңбегі мемлекетіміздің дамуына қосылған орасан зор үлес. Димаш Ахметұлының ел басқарудағы парасатты ұстанымы мен кемеңгерлігі Қазақстан тарихында айрықша орын алады, – деп атап өтті.

Шара аясында «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны атынан Дінмұхамед Ахметұлына қатысты ресми құжаттардың барлығы Д.А.Қонаев музейінің қорына табысталды. Бұл құнды мұра ұлы тұлғаның саяси, ғылыми және қоғамдық қызметін терең зерттеп-зерделеуге мүмкіндік бермек.
Жиналған қонақтар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, музей қызметкерлері Дінмұхамед Ахметұлының өмір жолы, мемлекеттік қайраткерлігі мен азаматтық болмысы туралы тың мәліметтермен бөлісті.
Дінмұхамед Қонаев елінің дамуы мен болашағы үшін аянбай тер төккен, халықтың жүрегінен ерекше орын алған тарихи тұлға. Оның ел басқарудағы парасатты саясаты, қарапайым мінезі мен әділдігі – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Дінмұхамед Ахметұлының есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі өшпес жарық жұлдыз болып қала бермек.
Алматы қаласы әкімдігі бизнесті қолдап, кәсіпкерлер үшін салық жүктемесін азайтуға күш салып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

