Қазақстандық дипломат Сәкен Мамаш өзіне қатысты сот шешіміне шағым түсіргенімен, арызы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Апелляциялық шағым 3 шілде күні беріліп, сол күні қаралды. Дипломаттың қорғаушылары Сәкен Мамашқа тағылған айып толық дәлелденбегенін, оқиға Әбу-Дабиде орын алғандықтан, бұл іске Қазақстан сотының араласуға құқығы жоқ екенін алға тартқан.
Дегенмен сот алқасы алғашқы инстанция шешімін күшінде қалдырды.
«Апелляциялық сот алқасы алғашқы сот актісін өзгертуге немесе күшін жоюға ешқандай заңды негіз көріп тұрған жоқ. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың шығарған шешімі өзгеріссіз қалдырылып, берілген апелляциялық арыз қанағаттандырылмайды», – делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін, 28 маусымда сот шешімімен Сәкен Мамаш әйелін және оның әпкесін ұрғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынған болатын.
Дипломаттың жұбайы Карина Мамаш 5 мамыр күні күйеуінің өзіне және әпкесіне күш қолданғанын жария еткен еді. Оқиғадан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі дипломат Сәкен Мамашты елге кері қайтарды.
9 мамыр күні Карина Мамаш та Қазақстанға оралып, балаларымен бірге арнайы дағдарыс орталығына орналастырылды.
Қазіргі таңда әйеліне бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылық көрсетті деген айыппен істі болған Сәкен Мамаш 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

