Қазақстан қор биржасында доллар бағамы 550 теңгеден асып, соңғы уақыттағы ең жоғары межеге жетті. Ұлттық банк теңгенің күрт әлсіреуіне жол бермеу үшін валюталық интервенция бастады деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, теңге шілде айының басынан бері 5,8%-ға арзандаған. Жыл басынан бері ұлттық валюта 4,7%-ға құлдырады. Бас банк валюта нарығында доллар тапшылығы байқалып, оған қоса алыпсатарлардың қысымы күшейген соң осындай қадамға барғанын жеткізді.
Ұлттық банк теңгенің қазіргі әлсіреуі негізсіз, нарықтағы жағдай жасанды деп есептейді.
«Экономиканың негізгі көрсеткіштері тұрақты. Мұнай бағасы барреліне 70 доллардан жоғары тұр. Дүниежүзінде доллар бағамы әлсіреп барады. Осы жағдайға қарамастан, теңгенің төмендеуі ешбір экономикалық негізге сүйенбейді. Ұлттық валютамыздың қазіргі бағамы шын мәнінде бұдан жоғары болуы тиіс», – деп мәлімдеді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Реттеуші жағдайды бақылауға алып, нарықта тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін қосымша шараларды қабылдауға дайын екенін хабарлады.
Бас банкир Тимур Сүлейменов бұған дейін де теңгенің күрт құлдырауына ешқандай объективті себеп жоқ екенін мәлімдеген болатын. Экономистер де теңгенің мұншалықты әлсіреуінің нақты себебін талқылап, түрлі болжамдар жасауда.