Freedom Holding иесі Тимур Турлов қазақтарға ақшаны қай валютада сақтау тиімді екенін айтты. Оның пікірінше, дәл қазір доллар сатып алғаннан гөрі теңгемен депозит ашқан немесе мемлекеттік құнды қағазды сатып алған тиімдірек болмақ, деп жазады Ertenmedia.
Оның сөзінше, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеруі жыл соңында теңгенің нығаюына тікелей әсер еткен.
«Ұзақ уақыт базалық ставканың тиімділігіне күмәнданып келдім. Бірақ жыл соңында шешімнің нақты әсерін көрдік. Қазір доллардың бағамы 500 теңге деңгейінде тұрақтап тұр. Бұған ҚаржыМиннің ішкі нарықтан теңгемен қарыз алу құны 14%-дан біртіндеп 18%-ға жетуі ықпал етті. Ақыр соңы, бұл тым қымбат деген ұйғарымға келіп, министрлік қаржыны сыртқы нарықтан доллар түрінде ала бастады. Дұрыс шешім осы болды. Доллармен алынған қарыз теңгемен қарыздан әлдеқайда арзан. Елге валюта түсіп, ішкі нарықтағы тепе-теңдік жақсарды», – деді ол.
Турлов Ұлттық қордан доллар сату мен сырттан валюта тартудың айырмашылығын түсіндірді.
«Бұрын Ұлттық қордан доллар сататынбыз, қалған қаржыны ішкі нарықтан теңгемен алып келдік. Бірақ доллар бәрібір жетпей, теңге әлсірейтін. Қазір сырттан тікелей доллар әкеліп, оның нарықтағы ұсынысын арттырдық. Бұл ма, бұл дұрыс қадам», – деді ол.
Кәсіпкер мемлекеттік облигациялар бойынша пайыздық мөлшерлемелер де базалық ставкадан төмендей бастағанын атап өтті.
«Соңғы аукциондарда ұзақ мерзімді облигациялардың мөлшерлемесі 16%-ға дейін түсті. Ал базалық ставка 18%. Осылайша мемлекеттік құнды қағаздардың табыстылық қисығы дұрысталып келеді», – деді Турлов.
Теңгенің алдағы тағдыры туралы пікір білдірген кәсіпкер қазақтарға доллар сатып алуға асықпауды ұсынды.
«Меніңше, 2026 жылы теңге бағамы күшті болады, тіпті доллар 500-ден де төмен түсуі ғажап емес. Әрине, тым күшті теңге де экономикаға пайдалы емес. Бірақ Ұлттық банк осы кезеңді резервті ұлғайтуға пайдаланып жатыр.
Еліміздің алтын-валюта резерві қазірдің өзінде рекордтық деңгейге жақындап қалды. Сондықтан келесі жылы теңгенің тым қатты әлсіреп, доллардың 600 теңгеге жетуі мүмкін емес деп ойлаймын. Мұндай жағдайда доллар алғанша, қазақтарға теңгемен жоғары пайыздық депозит ашуға немесе мемлекеттік, корпоративтік облигацияларға ақша салуға кеңес беремін.
Тәсілдің табыстылығы әлдеқайда жоғары болады», – деді Тимур Турлов.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
«Жала жабу журналистика емес»: Турлов ҚазТАГ-тың деректерін жоққа шығарды

